Орал-Тасқала-РФ шекарасы бағытындағы күре жол пайдалануға берілді
«Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөнделген халықаралық күре жолдың ұзындығы 100 километр. Стратегиялық маңызға ие автожолдың ел экономикасын жандандыруға тигізер пайдасы зор. Әсіресе, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіндегі транзиттің өсуіне мүмкіндік береді. 2018 жылдың өзінде 1,2 млн транзиттік көлік, 4 млн адам Орал қаласы арқылы өткен екен. Алдағы жылдары көлік тасқыны бұдан да көбейеді дейді мамандар.
ІІ техникалық категория бойынша жөнделген күре жол жобасының тапсырыс берушісі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ болса, «Uniserv» ЖШС бұл істі екі жыл ішінде атқарып шығыпты. Құрылысқа барлығы 1500 адам тартылған. Асфальтбетонды жол табанының жалпақтығы 9 метр, сапасы дөңгелек негізіне түскен 13 тонна салмақты көтере алады. Тәулігіне 4403 көлік өткізе алатын күре жолды ел мен елді жалғап, мемлекет экономикасына нәр беретін күре тамыр десе болғандай.
— Ресейге Ақтөбе арқылы, Орал арқылы шығатын жолдар жаңарып жатыр. Енді Ресей де өз тарапынан осы бастаманы жалғайды деп ойлаймыз. Сонда Еуропамен біздің қарым-қатынасымыз жақындай түседі. Табысты болыңдар! Құттықтаймын. Кірісейік жұмысқа! – деді Елбасы жалпыхалықтық телекөпір кезінде жаңа жолдағы қозғалысты бастап беріп.
– Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысында жыл сайын 500 шақырым жол жөнделіп жатыр. Соның ішінде биыл республикалық маңызы бар 285 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Жол құрылысына бөлінген қаржы көлемі де 7-8 млрд теңгеге жетіп, көбеюде. Міне, бүгін соның игілігін ел көріп, «Орал-Тасқала-Озинки РФ» жолы пайдалануға берілді, — дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.
Өңірде Орал қаласы арқылы өтетін халықаралық жол түйіндері, оларды оңтайландыру ісі қарқынды жүруде. Мәселен Атыраудан келетін күре жолды Оралдың айналма жолы арқылы Саратов күре жолына қосатын 32 шақырымдық жол бөлігі келесі жылы іске қосылмақ. Оның 20 шақырымы қазірдің өзінде әзір. Бұдан бөлек Саратов пен Самара қалаларына шығатын күре жолдар да Орал қаласының айналма жолы арқылы жалғанады. Бұл жұмыстар Батыс Қазақстан облысы орталығын көлік-логистикалық жүйесін жетілдіріп, транзиттік көлік иелеріне қолайлы жағдай тудырады, Орал қаласы да артық көлік тасқынынан арылады. Сонымен бірге шағын және орта бизнестің, туризмнің дамуына да тың серпін береді деп күтілуде.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Александр Куприенко
Батыс Қазақстан
Дереккөз: http://egemen.kz/