Орал соты «жұмыстан заңсыз қуылдым» дейтін экс-полицейдің шағымын қанағаттандырмады

0

13 қаңтарда Орал қалалық №2 соты «жұмыстан заңсыз қуылдым» деп жүрген бұрынғы полицей Әлбек Ерғазиевтің шағымын қанағаттандырмады. Ол жұмыс уақытында мас болды деп көрсетілген сараптама қорытындысын жарамсыз деп тануды талап еткен. Ерғазиев алкогольдік ішімдік ішкен-ішпегенін тексерген «Психикалық денсаулық орталығының» дәрігері Мұратовты да жауапқа тартуды сұрайды. Ал сараптама зейнетке шығу уақытына жарты жыл қалғанда Ерғазиев жұмыстан шығарылуына түрткі болған.

Судья Ахмерова Ерғазиев осындай шағыммен сотқа бұған дейін шағымданғанын айтып, істі тоқтатты. Оның адвокаты Мереке Ғабдуәлиеваның сөзінше, Әлбек Ерғазиевке медициналық сараптама заңсыз жасалған.

– 2017 жылы қаңтарда Әлбек Ерғазиев пен оның әріптесін тікелей басшысының нұсқауымен жасалған сараптама Ерғазиевтің «жеңіл мас болу» деңгейінде болғанын көрсеткен. Бірақ Әлбек мас болғанын мойындамаған. Солай бола тұра дәрігер сараптамаға Әлбектен қан мен зәр алмаған. Ол алкоголь ішпейді және темекі шекпейді, – деді адвокат.

Жауапкер тарабынан келген психиатр дәрігер Халиков мамандар алкотестің нәтижесінен кейін ғана адамды мас күйде болғанын анықтайды. Алайда ол дәрігер Мұратовтың неге Ерғазиев талап етіп тұрғанда солай істемегеніне жауап бере алмады. Мұратовтің өзі сот шақырту жіберсе де, ешбір сот отырысына қатыспаған. Қазір ол психикалық денсаулық орталығында жұмыс істемейді.

Әлбек Ерғазиев Азаттық тілшісіне сот шешімімен келіспейтінін және «сот үкімін жарамсыз деп тану үшін» облыстық инстанцияға шағымданатынын айтты. 2019 жылы Ерғазиев сараптама қорытындысына қатысты Нұр-Сұлтан сотына шағымданған, бірақ сот істі жауып тастаған.

«Әділ сотты» талап етіп, әрекетіне ел назарын аудару үшін бұрынғы полицей бірнеше рет жалғыз адамдық пикетке шыққан. Былтыр Орал қаласы әкіміне (ол кезде бұл лауазымды Мұрат Мұқаев атқарған) халыққа есеп беріп жатқанда Ерғазиев сұрақ қоюға тырысқан. Бірақ полицейлер оның қолынан микрофонды тартып алып, бөлімшеге алып кеткен. Ерғазиевтің айтуынша, қалалық полиция бөлімінде оған қысым жасалып, терезеден секіріп кеткен. Жараланғаннан кейін ауруханаға жеткізілген.

Azattyq