«Оқымағанмын»: Отандық танымал блогерлердің жоғары білімі бар ма?
Елімізде әлеуметтік желіні негізгі кәсібіне айналдырған танымал блогерлер жетерлік. Олардың басым көпшілігі қымбат көлік тізгіндеп, жайлы баспанаға жайғасқан. Блогерлердің осындай дәрежеге жетуіне жоғары білім мен дипломның пайдасы тиді ме? Тележүргізуші Айгүл Мүкей бұл сұрақтың жауабын блогерлердің өзінен алды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Миллионер блогер Дархан Жолшыбеков жоғары оқу орнын бітірмеген болып шықты.
“Менде жоғары білім жоқ, оқымағанмын. Әйелімнің үш дипломы бар, екеуімізге сол жетеді. Бірақ қазір заңгерге сырттай оқып жатырмын”, – дейді Дархан. Ал оның жұбайы Дариға Нұркееваның үш бірдей дипломы болса да, мамандық бойынша жұмыс істемеген.
“Колледжде электромашинаны оқыдым. Қарағанды мемлекеттік университетін қызыл дипломмен бітірдім”, – дейді Daricorn.
Жас блогер Мерей Абилова жоғарғы оқу орнында оқып қана қоймай, мамандық бойынша жұмыс істейді екен.
“Мен киім дизайнері мамандығы бойынша оқып жатырмын. Қазірдің өзінде өз брендім бар. Сол себепті мамандық бойынша жайлап жұмыс істеп жатырмын”, –дейді Мерей Абилова.
Блогер, әнші Мирас Жүгінісовтің продюсері, Әден Марғұлан да мамандық бойынша жұмыс істемейтіндердің қатарында.
“Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінде оқыдым, кейін Қ. Сәтбаев атындағы университетінде көлік техникасы және технологиялары мамандығын тәмамдадым. Бірақ мамандықпен жұмыс істемедім. Қазір шүкір, миллион тауып жүрмін”, – дейді Марғұлан.
Блогер Дархан Жолшыбековтің туған ағасы Ақтілектің де жоғары білім жоқ болып шықты.
“Жасым 26-да. Колледж бітірдім. Саудамен айналыстым, Оңтүстік Кореяда жұмыс істедім”, – дейді ол.
Көпшілікке “TikTok имам” деген лақап атпен танылған Нұрлан Байжігітұлының үш бірдей жоғары білімі бар екен. Айгүл Мүкейдің сауалына дінтанушы: “Жоғары үш білімім бар. Діни, әлеуметтік және психологиялық”, – деп қысқа қайырды.
Блогер, көп балалы ана Дана Есеева да жоғары білімнен кенде емес. Ол үш оқу орнын бітіргенін айтты.
“Бірінші мамандығым электрэнергетикамен байланысты. Екіншісі – экономика, үшіншісі – отбасы психологиясы. Менің ойымша, мамандық бойынша жұмыс істеу керек”, – дейді Дана Есеева.