Оқы және өзгеге ұсын!

0
78

«Оқы және өзгеге ұсын» акциясы 2011 жылы ашылды. Акцияның мақсаты: оқырмандардың өз бетінше оқуын дамыту, көркем әдебиетті, шетел классик жазушыларының туындыларын насихаттау. Кез келген оқырман «Оқы және өзгеге ұсын» кітап көрмесінен ұнаған кітабын таңдап, сыйға алып, оқып, кейін досына, танысына, кітап сүйер оқырманға ұсынуына болады. Оқырмандарға ұсынылған бұл кітаптардың барлығы да қала тұрғындарынан қабылданған және кітапхананың есебінде тіркелмеген кітаптар.

Кітапхана директорының орынбасары Үржан Кудасова Құрманқызы өз лебізін білдіріп, арнайы кітапхана  №70 жалпы орта білім беретін мектептің кітапханашысы Бибатпа Қуантайқызы мен мектептің ішіндегі «Қамқоршы» комитетінің президенті  Сайн Сауанаев Мусагалиұлына 321 кітапты және «Адырна» республикалық әдеби журналдың бірнеше данасын қайтарымсыз сыйға тарту етті.

Акцияның негізгі идеясы – өзара кітаптар алмасу. Сол сияқты кітапхананың ішінде де «Оқы және өзге ұсын» кітапханалық бұрыш қойылды. Онда қоз­ғалысы кітап пен оқырман арасын жақын­датудың тиімді жолы ретінде іс-тәжірибеге енгізіліп отыр. Кез келген адам оқыған қызықты кітаптарын буккроссинг сөрелеріне қойып, орнына сол сөреден өзі оқымаған кітапты алып кетуі арқылы достарымен бөліседі.

Білімді ұрпақ – егеменді елдің берік тірегі. Біз білімді ұрпақ, білімді тұлға дегенде рухани жан дүниесі бай, білім мен біліктілігі жоғары, талап-талғамы терең, салауатты өмір салтын дұрыс қалыптастырған тұлғаны айтамыз. Түбегейлі өзгерістерге бет бұрған жаңа қоғамда тек білімді болу, жеткіліксіз, сондықтан әрбір жеке тұлғаның бойында адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, батырлық, отансүйгіштік, тағы басқа қасиеттер болу керек. Кітапханалар сол оқу орындарындағы білімге ұмтылатын жас ұрпақтың, сондай-ақ ұстаздардың табылар жері. Осы заманғы ақпарат құралдары дамыған, жаңа технологиялар заманында да кітап адамның ішкі дүниесіне, ой-өрісіне ықпал жасап, мұқтажын қанағаттандыратын, рухани азығы болып қала бермек. Бүгінгі оқушы ертеңгі ел маманының еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін артуы, олардың бойында ұлттық намыс, отаншылдық, адамгершілік қасиеттерінің ұлғая түсуі жолында кітапхана қызметкерлері – халқымыздың қилы тарихын, өнегелі әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, мәдени мұраларын, әдебиет қазыналарын, тереңнен толғайтын сөз өнерін оқырмандарға кітап арқылы насихаттай білуі қажет.

Бақтыгүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

С.Жиенбаев атындағы облыстық

жасөспірімдер кітапханасының

бөлім меңгерушісі

Ақтөбе қаласы

Дереккөз: http://egemen.kz/