Оқушының ҰБТ-ны сәтті тапсыруына ата-ана қалай көмектесе алады?

0

ҰБТ-ны сәтті тапсыруға білім ғана емес, оқушының белгілі бір тәртіптерді сақтауы да әсер етеді. Бүгінгі материалда сынаққа дайындалып жүрген оқушының рационы, күн тәртібі, ми белсенділігіне әсер ететін жаттығулар, ҰБТ-ға жаттықтыратын онлайн құрал туралы айтамыз. Осыған қатысты психолог, диетолог мамандардың да кеңесін біле аласыз.

1. Оқушының рационы қандай болуы керек?

Baribar.kz сайты диетолог Арай Әміреден оқушының рационы туралы кеңес алды. Оның айтушынша, әсіресе, тестке дайындалып жүрген оқушы көбіне органикалық тамақтарды ішкені жөн. Органикалық емес тағамдар дәрі арқылы өсірілуі мүмкін. Химиялық зат, дәрімен өсірілген жеміс пен көкөніс адамның IQ қабілетін төмендетеді. Консерванттар, газдалған сусындар мен шұжық ми жасушаларын өлтіреді.

Адам тамақты тойып ішсе, ойлау қабілеті нашарлайды. Білім алушылар үшін ең пайдалы ас — теңіз өнімдері (балық, устрица) мен жидек (қарақат, таңқурай, қарабүлдірген). Жидек түрлері ми белсенділігін арттырады. Ал қарақат көзге пайдалы. Күніне 25-30 грамм жаңғақ пен шемішкенің дәнін жеген дұрыс. Майлар адам энергиясының көп болуына, позитив ойлауына көмектеседі. Алма, алмұрт және өріктің миға тигізер пайдасы көп. Күніне 300-350 грамм жеміс жеп тұру керек, — дейді маман.

16 жастан бастап балалардың біркүндік рационында ақуыз, май, көмірсутегі, минералды заттар мен дәрумендерден тұратын 3 мың калория болуы керек. Көмірсутегі мидың жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі.

Бір тәулікте ішетін тағамды 100% деп қарастыратын болсақ, оның 25%-ын таңғы аста, 35%-ын түскі аста, 25%-ын кешкі аста ішу керек, ал тіскебасар 15% болуы керек.

2. Балаға психологиялық тұрғыда қалай көмектескен жөн?

Психолог Лимана Қойшиева ата-аналарға баласының көңіл күйіне назар аударуға кеңес береді. Себебі қатты уайымнан ұйқысыздыққа шалдығып, күні мен түнін ауыстырып алатын балалар болады.

Баланың іштей күйзелісте жүргенін терісінің, аузының құрғап кетуінен, тамағының кебуінен, денесі бөрітіп, аллергиялық реакциясынан, сөйлегенде кекештенуінен, тез салмақ қосып жіберуінен, мінезіндегі өзгерістерден, бас, іш, мойын, арқа ауыруынан байқауға болады. Адам күйзеліске түсіп немесе жүйкесі шаршай бастаса, алақаны бірде терлеп, бірде мұздап, кейде көп ұйықтап немесе мүлде ұйықтай алмайды, — дейді психолог.

Маманның айтуынша, мұндай кезде баланың көзіне тура қарап: «Бәрі жақсы болады. ҰБТ адамның тағдырын шешпейді, тек бағытын анықтауы мүмкін. Қандай мәселенің болмасын, шешілу жолы бар» тәрізді кеңес беру қажет.

3. ҰБТ-ға дайындалып жүрген оқушы қалай демалуы керек?

Білім адамға кітапты үздіксіз оқумен ғана қонбайды. Оқушы дұрыс тамақтанса, жүйелі демалса, оның миы да ақпаратты қабылдауға, есте сақтауға бейім болады. Таза ауада көп жүру, бұлшық етті шынықтыру күйзелісті де болдырмайды.

Әр 1,5 сағат сабақ оқыған сайын 10 минут үзіліс жасап тұрған жөн. Тек орындықта отыра беру дұрыс емес, үзілісте жаттығу жасап, миға оттегінің баруына жағдай жасау керек. Бір күн ішінде осындай 10 минуттық төрт үзілісті жеңіл 40 минуттық жаттығуға теңеуге болады.

Ми демалысы мен күйзеліске қарсы жаттығулар:

  1. Баяу тыныс алыңыз. 4-ке дейін санаңыз. 4 санына жеткенде, 5-6 секунд деміңізді тоқтатып, артынша ақырын деміңізді шығарыңыз. Жаттығуды 5-6 рет қайталаңыз;
  2. Тік тұрып, қолыңызды иығыңызға қойыңыз. Тыныс алған кезде шынтағыңызды барынша биік көтеріп, басыңызды артқа шалқайтыңыз. Деміңізді шығарғанда бастапқы қалыпқа келіңіз. Жаттығуды бірнеше рет қайталаңыз;
  3. Аяғыңызды иық деңгейінде қойып, тік тұрыңыз. Тыныс алған кезде қолыңызды жоғарыға қарай көтеріп, созылыңыз. Дем шығарғанда қолыңызды жіберіп, сілкіңіз. Жаттығуды 5 рет қайталаңыз.

4. ҰБТ-ға дайындайтын қандай онлайн құралдар бар?

Психологтың айтуынша, көбіне 11-сынып оқушылары нағыз ҰБТ тапсыру кезінде қателесіп кетуден қорыққаннан күйзеліске түседі. Оқушы тестке дағдылануы үшін сынақ тестін жиі тапсырып отыруы керек. Мұндай мүмкіндікті Bilimland.kz порталының iTest ресурсы береді. iTest — ҰБТ-ға дайындайтын электрондық оқыту кешені.

Мұндағы тест тапсырмаларын ҰБТ-ға жауапты ресми мекеменің іріктеуінен өткен кеңесші-әдіскерлер мен оқытушылар дайындайды. iTest әр пәнге арналған ондаған нұсқа мен көпдеңгейлі тест тапсырмаларынан тұрады. Онда қатемен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін түсініктеме (комментарийлер) және тақырыптарға шолу жасайтын конспектілер мен лекциялар топтамасы бар. Электрондық кешен — жекелеген пәндер бойынша сынақтар тапсырып, дайындалуға таптырмас мүмкіндік. Сонымен қатар iTest 1-курс студенттеріне де көмекші бола алады.

Айта кетейік, Bilimland.kz сайтында оқушы үш тілде де барлық пән бойынша білімін жетілдіре алады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz