Оқушыларға COVID-19-ға қарсы вакцина мәжбүрлі түрде егіле ме: Министр жауап берді 

0

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ОКҚ өткен онлайн-брифинг кезінде оқушыларға коронавирусқа қарсы вакцина мәжбүрлі түрде салына ма деген сауалға жауап берді.

Министрдің сөзінше, ешкімді мәжбүрлемейді. Дегенмен ол мектептердегі медициналық бөлім Денсаулық сақтау министрлігіне берілгенін еске салды. Сонымен бірге Аймағамбетов коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина клиникалық кезеңге дейінгі сынақтан өткенін, енді үшінші саты басталғанын хабарлады.

«Біз бәрін хаттамаға, халықаралық стандартқа және талаптарға сәйкес жасап жатырмыз. Барлық принциптер мен барлық нормаларды сақтауымыз керек. Бұл өте маңызды, өйткені әңгіме халықтың қауіпсіздігі жөнінде болып отыр», — дейді Асхат Аймағамбетов.

Ол наурыз айының ортасына қарай вакцинаны өндіріп, азаматтарға егу жоспарланып отырғанын айтты.

«Вакцинация туралы одан кейінгі мәселелер Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне кірмейді», — деді министр.

Айта кетсек, Қарағанды фармацевтикалық кешенінде «Спутник V» вакцинасының өндірісі басталды. Кешен базасында кезең-кезеңімен 2 млн доза вакцина өндіріледі. Еске сала кетсек, Асхат Аймағамбетов осы брифинг барысында келесі айдан бастап барлық педагогтің жалақысы 25 пайызға артатынын айтқан болатын.

Тек мектеп мұғалімдерінің ғана емес, колледж, балабақша, қосымша білім беру жүйесіндегі педагогтердің айлығы көтеріледі.

kaz.nur.kz