Оқушыларға «Балапан» мен «Ел арна» арқылы сабақ өту ұсынылды

0
31

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылғанын, әлі нақты шешім қабылданбағанын айтты

АЛМАТЫ, 19 наурыз – Sputnik. Елімізде 6 сәуірден бастап мектеп оқушыларына сабақтар телеарна арқылы өткізілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін «Қазақстан» ұлттық арнасының «Ашық алаң» бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бағдарлама жүргізушісі Мақсат Толықбайдың айтуынша, «Балапан» мен «Ел арна» телеарнасы онлайн сабақ өтуге дайындалып жатыр.

«6 сәуірден бастап «Қазақстан» ұлттық арнасының «Балапан» телеарнасы мен «Ел арна» телеарнасы 11-сыныпқа дейін онлайн сабақ өткізуге дайын және жұмысын бастайды. «Балапан» арнасында қазақ тілінде, «Ел арна» телеарнасында орыс тілінде сабақ өтеді», – деді Мақсат Толықбай.

Ал білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылғанын, әлі нақты шешім қабылданбағанын айтты.

«Жұмыс тобы құрылды. Телеарна арқылы сабақ өткізу вариант ретінде қарастырылып жатыр, нақты шешім қабылданған кезде хабарланады», – деді министрліктің баспасөз қызметіндегілер.

Бүгін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook парақшасында телеарналар арқылы сабақ өткізуге дайындық жүріп жатқанын жазды.

«Телеарналар арқылы сабақ өткізуге дайындалып жатырмыз. Онда бейне-сабақтар сабақ кестесіне сай көрсетілетін болады. Бұл тетік, әсіресе, интернет қуаты әлсіз және қажетті құрал-жабдықтарға қатысты қиындықтары бар ауылдық білім беру ұйымдары үшін өзекті», – деп жазды министр.

Сонымен қатар министр мұғалімдер мен оқушылардың цифрлы сауаттылығын дамыту үшін арнайы курстар өткізілетінін хабарлады.

«Қазірдің өзінде мұғалімдер үшін цифрлық ресурстарды пайдалану бойынша біраз видеодәрістер әзірленді. Инклюзивтік білім беру, жаңа технологиялардың қолжетімділігіне қатысты принциптер ескерілетін болады», – министр.

Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 16 наурызда елімізде төтенше жағдай жарияланды.

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында коронавирусқа байланысты отыз күндік карантин енгізілді. 22 наурызға дейін қалаға әуе және теміржол арқылы ғана кіруге және шығуға болады. Ал мейрам күні сағат 00:00-ден бастап барлық қатынас тоқтатылады. Екі қалаға көлік те, ұшақ та, пойыз да кірмейді.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 44 адамға жетті, Алматы қаласында – 19 адам, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 25 адам тіркелді.



sputniknews.kz