Оқушыларға әке-шешесінің жалақасы жайлы жаздырған ұстаздар қарағандылықтарды ашуландырды
Қарағандыда мектеп мұғалімі оқушыларға отбасылық бюджет туралы шығарма жазуға тапсырма берген. Балалар өз шығармаларында ата-аналарының жалақыларын жасырмай жазыпты. Бұл шығарманы көрген ата-аналар наразылығын білдірді. Мұны жекенің өміріне қол сұғу деген олар заңға сәйкес білім саласының шенеуніктерін жауапқа тарту қажет деп есептейді, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасы.
Шу оқушылардың «Отбасылық бюджет» тақырыбында жазған эсселері әлеуметтік желіге шығып кеткен соң басталған. Эсседе Қарағандының нөмірі 68 мектебінің төртінші сынып оқушылары ата-аналарының жалақылары, коммуналдық төлемдерге кететін ақша мен басқа да шығындарды тізіп көрсеткен. Мұны көрген ата-аналар азаматтық құқықтың бұзылғанын айтады.
«Балам біздің жалақыны санамақ түгілі, дүкенге бармайды. Мұны менің жеке өміріме қол сұғу деп білемін. Бұған мүлдем қарсымын. Балалар отбасылық бюджетке араласпау керек. Білім саласының шенеуніктері бұл жерде баланың құқығын бұзып отыр. Ата- ананың жалақысы аз болса, басқа оқушылар ертең оны бөлектеп, саусақтарын шошайтады. Шенеуніктер қылмыстық кодекстің 147 -бабы, жеке басқа қол сұғу деген заңды ұмытқан сияқты», — дейді қарағандылық ана Ботагөз Омарова.
Шығарманы көрген қарттар да жағаларын ұстады. Айтуларынша, мұғалімдер баланы балалық шағынан айырған.
«Біздің қалтамызға қол сұққанша, оқуды жетістіріп алсын. Немерелерімнің әжесі ретінде айтарым, жағдайымыз оңып тұрған жоқ. Сабақ оқытсын, не сұмдық бұл?!» — дейді тағы бір Валентина Петрова есімді ана
«Балалар неге ата-анасының жалақысын білу керек? Оған неге бастарын қатыру керек? Сабақтарын оқысын», — деді Ирина Рассохова.
Мектеп әкімшілігі бұған қатысты сұхбат беруден бас тартты. Себебі тапсырма білім бөлімінен келген дейді. Ал шенеуніктер бұндай мазмұндағы эсседен хабарсыз болғандарын жеткізді.
«Менің ойымша, бұндай тапсырманы эссе түрінде оқушыларға беру дұрыс емес. Одан да викториналық тапсырмалар берілу қажет. Бұл жерде мұғалім дұрыс нұсқаулық бермеген. Аталмыш жағдайды тексереміз», — дейді Қарағанды қаласының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Наталья Головина.
Шенеуніктің айтуынша, қазір қаладағы барлық мектепте қаржылық сауаттылық апталығы өтіп жатқан көрінеді. Соған сәйкес әр мектеп іс- шаралар жоспарын өздері жасайды. Бірақ білім бөлімі оны тексермейтіндерін жеткізді.