ОҚУШЫЛАР ОЙ САЛДЫ | «Айқын» газеті
Алматы облысы Қарасай ауданындағы Кемертоған орта мектебінде ерекше кеш өтті. «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» деп аталатын кеш егемендіктің – 27, Желтоқсан көтерілісінің 32 жылдығына арналды.
Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында елдік рухты көтеру, жастардың бойына патриоттық нәрін себу мәселесі кеңінен қамтылады. Кемертоған орта мектебінде өткен шығармашылық кеш осы үдеден шығуға барынша тырысқан. Ұстаздар да оқушыларды жақсы деңгейде дайындапты. Сахнада мектеп білімпаздары емес, құдды театр артистері ойнап жүргендей әсер қалдырады. Шараға танымал ақын Мұхтар Шаханов, халықаралық Мұхтар Шаханов оқулары жобасының авторы, журналист Зәмзагүл Әубәкір және «Алатау әуендері» құлансаз ансамбль әншілерінің көркемдік жетекшісі, әнші Гүлшат Тәкежанова шақырылған.
Кеш барысында Талжан Талғатқызы, Айшұға Абайқызы, Әли Мұқашұлы, Ермұрат Сұлтанбекұлы, Алдияр Байжанұлы, Қаби Мәди және тағы да басқа талантты оқушылар Тәуелсіздік туралы рухты өлеңдерді шабыттана оқып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі көріністерінен шағын спектакльді ұсынды. Бұл қойылым кешке қатысушыларды риза етіп, көңілін толқытты.
Бұдан соң кеш қонақтары мен оқырмандар арасында еркін сұхбат өрбіді. Оқушылар мен ұстаздар ардақты қонақтарға көкейдегі сауалын қойып, жаймашуақ көңіл күйде пікірлесті. Әлбетте, мұндай еркін диалогтың қай тарапқа да берері мол. Кеш соңына қарай «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік!» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
– Мұндай кездесу Кемертоған орта мектебінде үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Осыған дейін белгілі дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев және айтулы ақын Қасымхан Бегманов ағаларымыз келіп, оқушылармен еркін пікірлесіп, жас ұландарымыздың бойына жалын сыйлап кеткен еді. Мұндай кештердің басты мақсаты – өскелең ұрпақты ұлттық руханиятқа, әдебиетке тарту, жақындату. Қазір өркениет деп, ұлттық тамырымыздан ажырай жаздап, шетел өнімдеріне қатты бет бұрып кеттік. Ал мектеп – балаға білім нәрін құятын, оның өмірдегі алғашқы қадамына себепкер болатын қастерлі орта. Сондықтан балаларға осы бастан түзу жол көрсету біздің, яғни ұстаздардың міндеті деп білдік, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Өміртай Еділханұлы.
Мектеп басшылығының айтуынша, осындай кештерді ұйымдастыруда тек ұстаздардың ғана үлесі бар деп айтуға болмайды. Ата-аналар да әдеби кештерге шын ынта-ықыластарымен қатысып, кештің ойдағыдай өтуіне атсалысады екен.
– Мектебіміз осындай руханиятқа тәрбиелейтін шараларды жиі ұйымдастырады. Әрине, мейлі бір сағат болсын, мейлі екі сағат болсын, мұндай кеш балаға ұмытылмас рухани азық сыйлайды. Келешекте ол экономист, инженер, мұнайшы, дәрігер бола жатар. Бірақ бастау бұлағы әдебиеттен, руханияттан басталса, қай істе де есесі кетпейді. Қазіргі жастар Тәуелсіздіктің қалай келгенін, сол жолда бабаларымыздың, ағаларымыздың қалай еңбек еткенін, желтоқсан айының біз үшін неліктен қасиетті екенін біліп жүруі керек, – дейді ата-аналар комитетінің басшысы Сымбат Баққұлова.
А.ҚАЗБЕКҰЛЫ
Дереккөз: Айқын