Оқушылар арасында коронавируспен ауырғандар көбейіп кетті

0
30

Оқушылар арасында коронавируспен ауырғандар көбейіп кетті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

«Дәстүрлі оқу форматы енгізілген сәттен бастап оқушылар арасында коронавируспен аурудың өсімі байқалады. 4-тоқсан басталғаннан бері 3 706 оқушы, оның ішінде офлайнда білім алып жатқан 1 093, онлайн режимде оқитын 2 613 бала ауырды», – деді министр.

Оның дерегінше, 4-тоқсанда дәстүрлі форматта білім алып жатқан Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облысы оқушылары арасында коронавирусқа шалдыққандар артқан. Ал онлайн режимде оқитындар арасында Нұр-Сұлтан мен Алматы облысында коронавируспен ауырғандар көп.

«Осыған орай әкімдіктер білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына және коронавирустың алдын алудың негізгі іс-шараларын орындалуына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар таңертең фильтрлеу, қызметкерлердің маска режимін сақтауы, үй-жайларды заласыздандыру жүргізілуі тиіс. «Қызыл» аймақта тұрған өңірлерде оқуды офлайн режимде жүргізуге болмайды», – деді Алексей Цой.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету