Оқушы қызды жезөкшелікке мәжбүрлеу ісі: Қызылордада тағы бір жеңгетайға сот үкімі шықты
Бұл қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды
Қызылорда қаласының № 2 сотында кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тартумен ұштасқан жеңгетайлық фактісі бойынша тағы бір қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы А. кәмелетке толмағанды бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу арқылы жеңгетайлық фактісі бойынша қылмыстық іске тартылған.
«Сотта ол жәбірленушінінің кәмелет жасына толмағанын біле тұра, пайдакүнемдік мақсатты көздеп, оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға тартқаны анықталды. Оның кінәсі оқиға орнын қарап-тексеру, беттестіру жүргізу хаттамаларымен, жәбірленушінің жауаптарымен дәлелденді. Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, ҚР Қылмыстық кодексі 55-бабының 2-бөлігін қолдана отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, 5 млн теңге моральдық зиян өндіру жөнінде талап қоюды ішінара қанағаттандыруды сұрады. Жәбірленуші және оның өкілдері сотталушыны кінәлі деп танып, оның кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасының төменгі мөлшерін тағайындауды сұрады», — делінген сот хабарламасында.
Қорғаушы сотталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы 2-бөлігі 2), 3)-тармақтары бойынша қылмыс құрамының болмауына орай ақтау жөнінде пікірін білдірді.
«Кодекстің аталған бабының санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Кодекстің 53-бабына сәйкес, іс бойынша жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде бұрын сотталмағандығы және жас баласының болуы танылады. Ауырлататын мән-жайлар айыптау актісінде көрсетілмеген. ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабының 2-бөлігінің 2) тармағына сай, жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімі ҚК-тің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3-нен асыруға болмайды делінген. Сот үкімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы 2-бөлігінің 2), 3)-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды. Оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Моральдық зиянды өндіру туралы талап қою ішінара қанағаттандырылды», — делінген хабарламада.
Айта кетеййік, бұл қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды.