Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин өмірден озды

0

Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Жоғарғы кеңесінің бұрынғы төрағасы, оппозициялық саясаткер, ғалым Серікболсын Әбділдин 82 жасында Алматыда қайтыс болды. Бұл туралы ақпаратты Facebook әлеуметтік желісінде тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи хабарлады.

«Қазақстан демократиялық қозғалысының пайғамбары Серікболсын аға (Әбділдин) өмірден өтті деген суық хабар келді. Билікке иілмей өткен қайсар, қайтпас адам еді» деп жазды Бапи.

Серікболсын Әбділдин 1937 жылы бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы Қызылкесік ауылында дүниеге келген. Ауылшаруашылығы институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын агроном болып бастаған ол кейін ғылыми қызметке ауысқан. 1967 жылдан бастап көп уақыт Қазақ ССР жоспарлау комитетінде жұмыс істеді, ауыл шаруашылығы министрлігінде басшылық қызмет атқарды, Қазақ ССР министрлер кеңесінің Мәскеудегі өкілі болды.

1990 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Серікболсын Әбділдин кейін Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, ал 1991 жылдың қазанынан 1993 жылы Жоғарғы Кеңес таратылғанға дейін оның төрағасы болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстанның тәуелсіздігі туралы декларацияға» Жоғарғы Кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин қол қойған.

Қазақстанның саяси тарихын зерттеушілердің жазуынша, Әбділдин Жоғарғы Кеңесті басқарған кезде Қазақстан парламенттік-президенттік республика болған. Биліктен кеткен соң Қазақстан коммунистік партиясы төрағасы болып сайланған Әбділдин оппозициялық саясаткер ретінде танылды. Ол Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын авторитарлы билік жүйесін ымырасыз сынаушылардың бірі болды. 1999 жылы 10 қаңтарда кезектен тыс өткен президент сайлауына қатысты. Ресми қорытынды бойынша, сайлаушылардың 13 пайызы қолдау білдірген оппозициялық саясаткер екінші орын алды, бірақ Әбділдин «сайлау нәтижесі бұрмаланды» деп мәлімдеді.

Azattyq