«Операциядан басқа көмегіміз жоқ»: Индира Расылхан ота мен ажырасқаннан кейінгі өмірі туралы — Қазақстан жаңалықтары
Осыдан бірнеше күн бұрын Индира Расылханның инстаграмдағы посты ғаламторды дүр сілкіндірді. Өнер иесі соңғы жазбаларының бірінде өзіне дереу ота жасалатынын айтып, жұрттың дүғада болуын сұраған. Stan.kz тілшісі сырқатқа шалдыққан әншіге хабарласып, эксклюзивті сұхбат алған еді. Назарларыңызға ұсынамыз!
— Индира, амансыз ба? Дәл қазіргі таңда денсаулығыңыз қалай? Ұзын құлақтан естуімізше операция сәтті аяқталған деседі.
— Аллаға шүкір, қазір денсаулығым бір қалыпты. Бір Алланың қалауымен аман қалдым деп айтсам болады. Ота өте жақсы өтті. Операция жасаған дәрігерлердің өздері де қатты таңғалды. Мұндай сәтті өткен операция өте сирек болады екен. Дәрігерлер үш сағаттың көлемінде жасаймыз деп жоспарлаған отаны 40 минуттың ішінде аяқтап тастады.
— Сырқатыңыз жайлы білсек. Дәрігерлер нақты диагнозды анықтады ма? Сіздің денсаулығыңыз үшін оқырмандарыңыз қатты алаңдаулы.
— Бұл дерттің маған жабысқанына біраз жыл болған сияқты. Диагнозын айтпай-ақ қояйын. Біріншіден, ол қандай диагноз болса да, ауру деген атының өзі де жақсы емес қой. Оқырмандарым қанша алаңдаса да, диагнозын айтқым келіп тұрған жоқ. Құпия күйде қалсын. Екіншіден, ол айтқан күннің өзінде де жеңілдей қоймайды ғой. «Ой, солай болыпты» деп керісінше бәрін қиындатып жіберуі де мүмкін. Сондықтан бәрі сәтті аяқталғаннан кейін, оның диагнозын да біліп қажет емес шығар деп ойлаймын. Ең бастысы барлық қиындықтың артта қалғанына қатты қуанып отырмын. Оқырмандарыма көптен-көп рахмет!
— Жалпы қашаннан бері ауырып жүрсіз? Сырқатыңыз жайлы қашан білдіңіз?
— Бұл ауру бастапқыда қатты жанды ауыртпайды екен. Ол жәймен іште жүре беретін дерт болып тұр ғой. Мен осыдан төрт жыл бұрын білген болатынмын. Сол кезде ота жасатуыңыз керек деген кезде, менің қашып жүргенім белгілі. Осыдан төрт жыл бұрын Нұрлан Серікұлы деген хирургке барған едім. Ол кісі бірден «Операциядан басқа көмегіміз жоқ» деп ашып айтты. Мен басқа амалын іздеп, қашып жүрген болып тұрмын ғой. Төрт жылдан кейін аурухана түскен кезде, дәл сол дәрігерге түскенмін ғой бір қызығы. Мені бірден танып, төрт жыл ішінде ота жасатпай жүргеніме таңғалды. Сәті осы күнге түсіп тұрған шығар. Қазір сол кісінің қарауындамын. Жақсы қабылдап жатыр. Нұрлан Серікұлына үлкен рахметімді айтқым келеді.
— Дертіңізді отбасыңыз, ата-анаңыз және балаларыңыз қалай қабылдады?
— Сырқатты отбасымнан жасыру болған жоқ. Бар екенін бірден айттым. Көбінесе жеңіл жеткізіп жүрдім де. Олар қатты уайымдамасын деген ой ғой. Кейін Алматы қаласына келіп, ауруханаға түскен сәтте балаларым бірден Нұр-Сұлтан қаласынан ұшаққа отырып жетіп келгені бар. Анасының ауырып жатқаны қай баланың қабырғасына батпасын дейсіз. Олар да уайымдап, ойланады ғой. Бірақ көзімнің көрер жарығы бар шығар деп ойлаймын.
— Бір постыңызда «енді ән салуым екіталай» деген екенсіз. Шығармашылықта үзіліс алмақшысыз ба?
— Менің жұмысымның барлығы осы дауысым, өнерім, шығармашылығым болғандықтан, бұдан былай «ән салуым екіталай» деген қорқыныштың болғаны рас. Себебі дәрігерлердің өздері де маған ота жасауға қатты қорықты. Басқа жаққа қарай алып кетіңіздер деген сияқты қорқынышпен қарағаны бар. Себебі ауру кішкене асқынып кеткен. Біраз жүріп қалғаным тағы бар. Сырқатым өкпе мен жүрек тұсына жақын болғандықтан, жүрегіне зақым келтіріп аламыз ба деген сияқты қорқыныштар болған. Бұл өкпедегі ауру болғандықтан, бәлкім өкпенің бір бөлігін алып тастаймыз деген ой да болған. Оны алып тастаса әнді де айта алмайсың ғой. Қалай айтасың? Сол себепті «ән салуым екіталай» деп жазғаным сондықтан. Бірақ әуелі Алланың қалауымен, халқымның дұғасымен отамыз сәтті өтті. Бүкіл қорқыныштың барлығын сейілтті. Кішкене күтіну керек. Одан кейін сахнаға ораламын.
— Сіздің «ота жасату» жайлы постыңызды әркім өзінше пайымдап, инста-оқырмандарыңыз түрлі пікірлерді жазып жатқан көрінеді. Сіз не дейсіз?
— Мені халқым өте қатты жақсы көреді. Ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Ешкімге оғаш қылық көрсеткен жоқпын. Бірақ сырқатыңызды неге жария қылдыңыз, неге инстаграмға салдыңыз деген сияқты сыни пікірлерді дүйім жұрт айтып жатыр. Шыны керек, адам баласының Алладан тілеген дұғасы ешқашан артық болмайды. Сол себептен Алладан дұға етіп сұрадым және менің әнімді жақсы көретін тыңдармандарым, шығармашылығымды сүйетін халқым мен үшін дұғада болса екен деген ниет қой.
— Әлеуметтік желі демекші, инстаграмда өте белсендісіз. Сіздің әр қадамыңыз жұрттың жіті назарында. Соңғы кездері оқырмандарыңыз Индира Расылхан «ажырасқан» деп айыптап жатыр. Қаншалықты рас? Егер шын болса, жеке өміріңіздегі өзгерістердің денсаулығыңызға кері әсері тиген жоқ па?
— Парақшамдағы оқырмандарым мені «ажырасқан» деп танып жатқан болса, оған ешкім наразылық білдірмейтін шығар. Менің жеке өмірімдегі жағдайлар оқырмандарым айыптайтындай нәрсе емес. Қайбір адам болсын басынан өтетін жағдай деп ойлаймын. Иә, біраз қиналған кезім болды. Депрессияда болған да кездерім бар. Бірақ біз жақсы қарым-қатынастамыз бала-шағамыз үшін. Балаларымыз өте бақытты. Біз жай ғана бөлек өмір сүргеніміз дұрыс шығар деп шештік. Өзіміздің мақсатымызға қарай, солай іске асып жатқан шығар деп ойлаймын. Дегенмен де, біз қатты ренжісіп кеткен жоқпыз. Болашақта қалай болатынын білмеймін. Әзірге солай өмір сүріп жатырмыз. Бірақ балаларымыз барлығын жақсы қабылдады.
— Елге де, эстрадаға да танымалсыз. Сырқатыңыздан халық құлағдар. Ал әріптестеріңіз, яғни әншілер қауымы қаншалықты xабарласып, xал-жағдайыңызды біліп жатыр?
— Адам сырқаттанған кезде кімнің кім екендігін, кімге қаншалықты сыйлы екеніңді біледі екенсің. Мен Аллаға сансыз шүкірліктер айтамын. Біраз әріптестерімнің барлығы хабарласты. Бәрі де денсаулығымның жақсарып кетуін тілеп жатты. Инстаграм арқылы да айтып жатқандар бар. Біріншіден, адамның сырқаттанған кезде көңілін сұрау барлығының міндеті ғой. Екіншіден, сонша жылдық достығымның арқасында шығар деп ойлаймын. Бәрімен жақсы қарым-қатынаста болғандығым, үлкендерді сыйлай білгендігім және де кішілерге құрмет көрсете білгендігімнен болар. Барлығы хабарласып, хәлімді біліп тұрды. Менің саулығымды Алладан сұрап, дұғада болған халқыма үлкен алғысымды айтқым келеді.
— Сұхбатқа уақыт тауып, бар сырыңызды ақтарғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Сырқаттан тез сауығып, сахнаға қайта оралуыңызға тілектеспіз.
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
stan.kz