OPEN ESPORTS CUP | «Айқын» газеті

0

Астанадағы Оқушылар сарайында Open Esports Cup ашық кубогы аясында Киберспорт турнирінің финалы өтті. Оған сайыстың ақтық кезеңіне жолдама алған DARK HORSE (Шымкент), WWW (Астана), CYBER DOGS және PATRIOT (екеуі де Алматы) киберойыншылары қатысты.

Турнирді «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар қанаты Қазақстан киберспорт федерациясымен және «Си­нергия» университетімен бірлесіп ұйым­дастырды. 215 команда арасынан үздік шық­қан төрт команданың ойынын көрер­мендер үлкен сахнадағы экран арқылы тамашалады.
Сайысты «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев кіріспе сөзімен ашты.
– Бүгінде жастарымыздың көбі киберс­портпен шұғылданып жүр. Олардың бұл спорт түріне қызығушылығы өте жоғары. Соның ішінде робоспорт бағытын ерекше атап өтуге болады. Бұл шараның басты мақсаты – өңірлердегі киберспортпен ай­на­лысып жүрген жастардың басын бірік­тіру. Біз алдағы уақытта облыстық робото­тех­ника сайыстарында жетістікке жеткен жастарды республикалық жарыстарға қатыс­тырмақпыз. Талантты жастарға әрқашан қолдау көрсетуіміз керек. Бүгінгі турнирдің үздік командалары халықаралық турнирлерде Қазақстанның намысын қорғайды деп сенемін, – деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы.
Іс-шара барысында қазақстандық қоғамды дамыту үшін цифрлы дағдылар­дың маңызын ерекше атап өткен Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских пен «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Данияр Сүндетбаев сайыс алдында барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнирде қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан алматылық PATRIOT ко­ман­да­сының мүшелері Айбек Тоқаев, Дархан Мадыхан, Мәлік Сайлау, Дулат Сейдімомын және Владислав Иващенко бастаған жігіттер жеңіске жетті. Сайыс қорытындысына сай PATRIOT командасы 1 000 000 теңге мен «Синергия» универси­тетіне бакалавриат немесе магистратураға қалаған мамандықтары бойынша грант ұтып алды. Ал екінші орынға ие болған ас­таналық WWW командасына 600 000 теңге мен «Синергия» университетіне қалаған мамандықтарына оқуға түсуге 50 пайыз жеңілдік сертификаты табысталды.

Әбілмансұр ЖАСАН

Дереккөз: Айқын