OPCW «Новичок» уына тыйым салуды мақұлдады

0

Халықаралық Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның (Organisation for the Prohibition of Chemical Weapons — OPCW) атқару комитеті Ресейде жасалатын, жүйке жүйесін зақымдайтын «Новичек» уын тыйым салынған заттар тізіміне қосуды қолдап дауыс берді.

Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі конвенцияға қосымша тізімге «Новичокті» қосуды АҚШ, Ұлыбритания мен Нидерланд ұсынған.

OPCW мүшесі Ресей ұйымның «Новичокті» тыйым салынған заттар тізіміне қосу туралы шешіміне 90 күн ішінде қарсылық білдіре алады.

OPCW тыйым салынған заттар тізімін 1997 жылы қабылдаған. Тыйым салу туралы барлық процедура аяқталса «Новичок» тізімге тыйым салынған алғашқы улы зат болып енеді.

2018 жылы 4 наурызда Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей әскери барлау қызметінің бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипраль ес-түсісіз жатқан жерінен табылған. Ұлыбритания билігі Скрипальдердің «Новичок» уынан уланғанын мәлімдеп, оларды «қастандықпен улады» деп Ресейді айыптаған. Әкелі-балалы Скрипальдер ауруханада ұзақ уақыт емделіп аман қалған.

Ұлыбритания билігінің мәліметінше, Скрипаль мен қызын Ресей әскери барлауының «Александр Петров» және «Руслан Боширов» есімді екі агенті улаған. Bellingcat зерттеу тобы Петровтың шын аты-жөні Александр Мишкин, ал Бошировтың аты-жөні Анатолий Чепига деп санайды.

Оқи отырыңыз: The Insider мен The Bellingcat: «Руслан Боширов» – ГРУ полковнигі Анатолий Чепига»

Кремль Солсберидегі оқиғаға қатысы барын жоққа шығарады.

Дереккөз: Азаттық