OPCW химиялық шабуыл жасағандарды анықтайтын топ құрды
Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым (Organisation for the Prohibition of Chemical Weapons — OPCW) химиялық шабуыл мен оларға қатысы бар адамдарды анықтайтын арнайы команда құрды. Бұл туралы 9 шілдеде ұйымның бас директоры Фернандо Ариас хабарлады.
Ұйым бірқатар оқиғалардың алдын ала тізімін дайындаған. Оның ішінде былтыр сәуірде Сириядағы Дума қаласында жасалған шабуыл тергеп-тексерілетін болады. Ұйым ондағы шабуыл кезінде құрамында хлоры бар химиялық қару қолданған дейді.
Сәуірде Дума қаласына жасалған шабуыл салдарынан ондаған тұрғын қаза тапқан. Сирия үкіметі осы шабуыл кезінде химиялық зат қолданғаны туралы айтылған айыптауларды жоққа шығарған.
OPCW, Думаны бақылауына алған Ресей мен Сирия әскерилері ұйым мамандарын қалаға шабуыл болғанан кейін екі аптадан соң ғана кіргізген. Ол кезде Дамаск пен Мәскеу мұны мамандардың қауіпсіздігімен түсіндірген.
Ұйым арнайы команда құру туралы шешімді былтыр жазда қабылдаған. Оның құрылуына 126 делегаттың 99-ы қолдап, дауыс берген. Қарсы дауыс бергендер арасында Ресей, Қытай, Венесуэла мен Иран болды.
Халықаралық Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым 1997 жылы құрылған. 2013 жылы ұйым Нобель сыйлығымен марапатталған. Штаб пәтері Гаага қаласында (Нидерланды) орналасқан ұйымның басты мақсаты – химиялық қаруды қолдануға тыйым салу, оның қорын жою мен химиялық қарудан сақтану мақсатында әлем елдеріне көмек беру.