«Оны сотқа береміз». Атырау КВИ-орталығындағы науқастың даулы видеосы тарады

0

Желіде «коронавирус жоқ, дәрігерлер алдап жүр» деп мәлімдеген атыраулық науқастың видеосы тарап жатыр. Әйел видеода «дәрігерлердің аты-жөні өтірік екенін, құжаттарын тартып алып, ауруханадан шығармай отырғанын» айтады. Ол емделген №2 Атырау облыстық ауруханасының әкімшілігі бұл видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Бәрінің аты өтірік екен, менің құжаттарымды тартып алды. Мына аппаратпен демалмасаңыз, өліп қаласыз деді. Сенбеңіздер, туыстарыңызды алып кетіңіздер. Ешкімге сенбеңіздер, олар ақша үшін жанын сатады. (…) Мұның бәрі өтірік, цирк. Диагнозымды оқыдым, менде тек семіздік екен. Вакцина өтірік, коронавирус өтірік», — дейді видеодағы әйел.

Аурухана өкілдерінің айтуынша, видеодағы әйел — Махамбет ауданының тұрғыны, 1992 жылы туған Идрисова К.А. Ол №2 Атырау облыстық ауруханасы жанындағы модульдік ауруханаға ауыр деңгейдегі COVID-19 инфекциясы диагнозымен түскен.

«Диагнозы — COVID-19 өкпенің екі жақты аралас полисегментарлы қабынуы. Науқастың жалпы жағдайы динамикада тұрақтанды, оң динамикада. Санасы айқын, көңіл-күйі құбылмалы болды, ем алудан мүлдем бас тартты. Үйге жіберуін талап етті. 19 шілдеде науқастың анасы мен күйеуі ішке басып кіріп, дәрігерлердің жұмысына кедергі келтірді. Сонымен қатар, ҚР бас санитария дәрігерінің бұйрығын бұзып, аурухана ішін видеоға түсірді. Әлеуметтік желіде жариялап, дәрігерлердің үстінен шағым жасады», — деді ауруханадағылар.

Олардың хабарына қарағанда, әйелдің анасы мен күйеуі қолхат жазып, екіжақты заңды куәгерлермен бірге емделуші Идрисова үйіне жіберілді.

Дәрігерлердің айтуынша, осы жағдайға байланысты облыстық аурухана әкімшілігі қалалық прокуратура өкілдерін және барлық тиісті құзырлы орган қызметкерлерін хабардар еткен. Енді №2 Атырау облыстық ауруханасының әкімшілігі жалған ақпарат таратқан науқасты сотқа бергелі жатыр.

«Осыған байланысты жалған ақпарат таратып, оны әлеуметтік желіге жария еткені үшін №2 Атырау облыстық ауруханасының әкімшілігі әйелді сотқа беруге дайын», — деді олар.