Оңтүстіктің қырыққабаты Беларуссияға экспорттала бастады
Жуырда ғана Түркістан облысының диқандары 250 мың тонна қырыққабат өсіріп, дайындағанымен оны сата алмай отырғандарын айтып дабыл қаққан болатын
НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Бүгінде өңірдегі дайын өнімдерді экспортқа шығаруға қатысты кедергілер мен тосқауылдар алынып тасталды. Диқандар 500 тонна қырыққабатты Беларуссияға сату бойынша келісім жасап, алғашқы 200 тонна өнім тиелген жүк көліктері жолға шықты, деп хабарлады Түркістан облыстық өңірлік коммуникация қызметі.
Жүк көліктеріне тиелген қырыққабат араға 5 күн салып Беларуссияға жетеді деп жоспарланған. Ол жақтағы қоймаға түскен қазақстандық өнімді саудагерлер өзге қалаларға жөнелтеді.
Түркістандық шаруалардың бірі Амантай Сарыбаев көкөніс тиейтін техника мен жұмысшыларға төленетін жалақыны есептегенде әр гектарға кететін шығын 1 миллион теңгені құрайтынын айтады.
«Алқаптағы қырыққабатты тазалап, жүк көлігіне қалайтын жұмысшылардың күндік ақысы 3-7 мың теңге аралығында. Шетелге шығатын жүк көліктерінің шығыны 1 600 АҚШ долларына жеткен. Сондықтан диқандар өткен жылға қарағанда түсетін кіріс те азырақ деп отыр. Дегенмен, осының өзіне шүкіршілік етуде», – дейді Сарыбаев.
Бүгінде ауылшаруашылығы өнімдері тиелген жүк көліктері шекарадан еш кедергісіз өтуде. Блокбекеттерде жүргізушілердің тек дене қызуы тексеріледі.
©
Photo : Региональная служба коммуникаций Туркестанской области
Өнім жинау, Түркістан облысы
Жалпы биылғы жылы Түркістан облысыннан 300 мың тонна қырыққабат өндіру жоспарланған болса, оның 250 мың тоннасы экспортталады. Ал қалған 50 мың тоннасы ішкі нарықта саудаланады.
Қырыққабат проблемасы
Сәуір айының соңына қарай түркістандық шаруалар қырыққабатты экспортқа шығаруға байланысты түрлі кедергілерге тап болып жатқанын айтқан болатын. Дайын өнімдері егін алқабында шіріп жатқан олар жергілікті биліктен көмек сұраған. Бұл мәселені облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Үкіметтің кезекті отырысында көтергені белгілі.
©
Photo : Региональная служба коммуникаций Туркестанской области
Қырыққабат тиелген жүк көлігі, Түркістан облысы
Өңірде 250 мың тонна қырыққабат өсіріліп, нарықтағы бағасы килограмына 10-15 теңгеге дейін төмендеді. Ішкі нарықтың мұндай көлемдегі қырыққабатты қабылдай алмайтыны мәлім болды.
Оқи отырыңыз: «Тегін алып кетіңіздер»: Қазақстанның оңтүстігінде қырыққабат шіріп жатыр
Үкімет дерегі бойынша, елдегі көкөніс сақтау қоймаларының тапшылығы 70%-ті құрайды, ал кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 90%-ке жетеді. Оған қоса, қырыққабатты ұзақ уақыт сақтау мүмкін болмағандықтан оның шығыны да ұлғая түседі.
sputniknews.kz