Оңтүстіктен – Солтүстікке қоныстанушылар үшін баспана салынады
Елімізді айналып өтпейтін бұл жағымсыз үдеріс теріскей аймақтар үшін қауіпті әрі қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанын аңғару қиын емес. Алысқа бармайық, Қызылжар өңірінің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына көз жүгіртетін болсақ, қуантарлық көрсеткіштермен қатар көңіл құлазытатын жайттар да аз кездеспейді. Бұл көбіне еңбек ресурстарының тапшылығы мен демографиялық ахуалдың төмендігіне келіп тіреледі. Әсіресе осы екі мәселенің жыл өткен сайын түйінді проблемаға айналып бара жатқаны толғантады. Оны тіршілік қазаны қайнап, түзу ұшқан түтіні бір сейілмеген ауылдардың «болашағы жоқ» санатына қосылуы, еңбекке жарамды адамдар мен кәсіби мамандардың, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, табиғи өсім, бала туу көрсеткіштерінің төмендеп, көшіп келушілерден басқа жаққа кетушілердің саны көбейіп кеткені анық аңғартады. Осы себепті Президент белгілеп берген ауқымды стратегиялық құжаттар ішінде ішкі көші-қон саясатын реттеуге, басы артық жұмыс күші бар өңірлерден өзге жерлерге жұмыс күшін ұтқырлықпен тартуға ерекше басымдық беріліп отыр. Оңтүстік аймақтарда республика халқының 40 пайызға жуығы тұрса да, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 17 пайызды ғана құрайтынын, ал солтүстік жақта бұл көрсеткіштер сәйкесінше 17 және 13 пайыз екенін ескерсек, жағдай осылай жалғаса берсе, 2050 жылға таман күнгей тұрғындары 5 миллион адамға артады, керісінше, теріскей халқы бір миллион адамға азаяды, жұмыссыздық, демографиялық дүмпу тіпті зорая түседі деген болжам бар. Географиялық, табиғи-климаттық орналасуы жағынан өте қолайлы Түркістан облысында соңғы бес жылда халық саны 24 пайызға көбейген. Тек Мақтаарал мен Сарыағаш аудандары тұрғындарының санын қоса есептегенде Қызылжар халқымен деңгейлес. Демек, «Оңтүстіктен – Солтүстікке» жобасының ішкі еңбек нарығын реттеудегі, еңбек мигранттарын ынталандырудағы экономикалық ықпалы өте зор деген сөз. Мемлекеттік қолдау шеңберінде атқарылған кешенді шаралардың арқасында елішілік көші-қонның біртұтас жүйесі құрылып, тепе-теңдіктің сақталуына ықпал ететін қоныстандыру жұмыстарының ұтқырлығы мен ұтымдылығы оң сипатқа ие бола бастағанын жергілікті тәжірибе көрсетіп келеді. 700-ге жуық отбасы квота арқылы экологиялық жағынан таза, табиғаты әсем аймақтан жайлы тұрақ тапты. Өз кәсібімен айналысқысы келетіндерге жер телімдері мен жеңілдікті несиелер ұсынылды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім жетекшісі Алма Махметованың айтуынша, көші-қон саясаты тұжырымдамасында қоныстандыру проблемаларын шешу үшін бос жұмыс орындары мен еңбекпен қамтудың тиімді тетіктері, жұмыс берушілердің сұранысы негізінде кепілдікті ынталандыру шаралары кешенді түрде қарастырылған. «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК мөлшерінде өтемақы және отбасы құрамына байланысты бір жыл бойы тұрғын үй жалдау шығындары өтеледі. Бұдан басқа тұрғындардың келісіміне сәйкес үй жалдауға қарастырылған қаражат есебінен баспана сатып алу үшін біржолғы төлем толық аударылады. Жаңа ережеге сәйкес бес азаматты көшіріп әкеліп, үш жыл бойы жұмыспен қамтамасыз еткен кәсіпкер әрқайсысы үшін бір миллион теңге шамасында субсидия алады. Бұл бастаманы 18 жұмыс беруші қостап отыр. Өз шаруасын кеңейтемін дегендерге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. Сондай-ақ аудандарда жер телімдері бөлініп, егіншілікпен, мал шаруашылығымен, ара өсірумен, бағбандықпен, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндіктер туады. Биыл 1500 адамды қабылдау үшін мектеп, балабақша жұмыс істейтін, 1058 бос жұмыс орны бар 226 ауыл таңдап алынып, көшіп келушілер орналастырылды.
Жуырда өңір басшысы Құмар Ақсақалов Түркістан облысында болып, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың, облыс, қала мәслихаттары депутаттарының, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшыларының, кәсіпкерлердің, жастардың, уақытша жұмыссыз тұрғындардың қатысуымен ішкі көші-қон үдерісіне қатысты салиқалы әңгіме қозғалды. Жиналғандарды өз ықтиярымен көшіп келетін отбасыларға жасалатын әлеуметтік мәселелер көбірек қызықтырды.
– «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасы облыста қарқынды жүргізіліп келеді. Еліміздің әр қиырынан қоныстанған 2700-дей адамның жартысына жуығы осы аймақтан. Жергілікті билік тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетіледі. Біз жер телімдерін алуға, шағын және орта бизнеспен шұғылдануға, бос жұмыс орындарына орналасуға көмектесеміз. Қашан үйренісіп кеткенше қадағалап отырамыз. Қызылжар – топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, ауасы таза, суы мөлдір өңір. Орман-тоғайлы жерлер, көлдер көп. Қазақстан астығының үштен біріне жуығы өндіріледі. Еңбексүйгіш күнгейліктер жаңа қонысқа тез бейімделіп кетеріне сенімдіміз. Араларында мемлекеттік, бюджеттік қызметте жақсы қырынан танылғандары да, өз кәсібін дөңгелетіп әкеткендері де аз емес. Сіздерде демографиялық өсім қарқыны жоғары. Халқы аз солтүстік тұрғындарының санын арттырудағы қарышты қадамдарыңызды құптаймыз, деген Құмар Іргебайұлы «Серпін» бағдарламасы шеңберінде тегін оқып жатқан жастар шаңырақ құрып, ауылдық жерлерде кемі үш жыл еңбек етсе, баспана тарту етілетінін, оқу оқимын, өсемін, қатарының алды боламын деген ынталы, қабілетті жандарға ешқандай ауа райы бөгет бола алмайтынын, Елбасының жастар жөніндегі саясаты бәсекелестік қарымын арттырудың пәрменді күші болып табылатынын жеткізді. Ғ. Әбдірахымов солтүстіктегі бос орындарға күнгей өңірдің халқын жұмысқа тарту бойынша арнайы штаб құру ұсынысын қолдап, басқа өзекті мәселелер бойынша да ақылдасып, пікірлесіп отыратындарын, алдағы уақытта теріскейдегі отбасылардың хал-жағдайымен танысуға баратынын айтты.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы үш жылдың ішінде желдің өтінде, елдің шетінде орналасқан өңірден 70 мыңнан астам адам басқа жақтарға қоныс аударған. Мектеп түлектерінің 18-20 пайызы білім қуып, шетел асып жатады. Отанына орала ма, жоқ па белгісіз. Жалақының аздығынан сырттан жұмыс іздеп, сабылып жүргендер де аз емес. Бұл жағымсыз факторлар ішкі көші-қон үдерісін реттеуге, демографиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге кері әсер етпей қоймайды. Сондықтан еңбек ресурстарының жетіспеушілігін елішілік жұмыс күші есебінен толықтырудың жолдарын алдын ала айқындау, артық-кемін екшеу экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік, еңбек бөлінісі жағынан да бірден-бір оңтайлы шешім болары анық. Осы орайда теріскейден өз ықтиярымен көшіп келгендерді келешегі күңгірт ауылдарды сақтап қалудың «құралы» ретінде пайдаланып келген аудан әкімдерінің ешнәрсемен ақтауға болмайтын іс-әрекеттеріне Қ.Ақсақаловтың үзілді-кесілді тыйым салғанын айта кеткен жөн. Тек ірі елді мекендерге ғана жайғастыруға, сервистік қызмет көрсету бағытындағы жаңа кәсіп түрлерін игеруге, жұмыс берушілер мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, атқарушы органдар жұмысын жандандыруға, лайықты жалақы төлеуге қосымша шаралар ұйымдастыруға нақты пәрмен берілуі еңбек ағындарын реттеуді барынша тиісті деңгейде жүргізуге ықпал етері сөзсіз. Өйткені шаруасы онсыз да шатқаяқтап тұрған ұсақ шаруа қожалықтары маусымдық жұмыстардың өзін әзер ұсына алатын еді. Бұл еңбекақы тек күзгі жиын-терімнен соң ғана қолға тиеді деген сөз. Осы себепті қоныс аударушыларды орналастыру картасы түзіліп, инфрақұрылымдары талапқа сай 302 елді мекен кіргізілді.
Оңтүстік тұрғындарын солтүстікке көшіру идеясын жан-тәнімен қолдап жүрген Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабековтің нақты істері көпке үлгі боларлық екенін баса айтқымыз келеді. Ұйымдастыру шараларының үнемі басы-қасынан табылып, көмек қолын созудан бас тартпайтын азаматтың ұлтжанды тұлғасы сүйсіндіреді. Ақжар, Уәлиханов аудандарына арнайы барып, толық жағдай жасалып, көмек көрсетілетінін білгеннен кейін отыз шақты отбасы көшін өзі бастап келген. Жол шығындарын өтеуге, баспана сатып алуға қаржылай жәрдемдескен. Халық аманатына кір келтірмеуді мақсат еткен ол солтүстікке жұмыс іздеп барғандар кез келген бәсекелестікке, тіпті ауа райына да төтеп беруге дайын екеніне бек сенімді. Жаңабай сияқты жомарт жүректі жандар Қызылжар өңірінде де баршылық. Ауылдастарына қолжетімді үйлер тұрғызып, таза ауызсу құбырын тартып берген «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігінің директоры Еркебұлан Мәмбетовтің шарапатын Түркістан облысынан көшіп келген Ғани Жүсіпбековтің отбасы ұмытпайды. Өзін де, келіншегін де тұрақты жұмысқа, балаларын балабақшаға орналастырған. Баспана сатып әперген. Жеңілдікті несие рәсімдеуге, мал алуға жәрдемдескен. «Ақселеу» ЖШС-нің басшысы Серік Малаев арнайы делегация құрамында еңбек күші мол шоғырланған бірнеше ауданда болыпты. 900 отбасы көшіп келуге тілек білдіргенін естіген соң осынау маңызды шараға қатысуды парыз санап, төрт жұмысшыны ілестіріп әкеліпті. Тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етіпті. Біржан Шаймерденов, Асқар Мәдиев секілді іскер кәсіпкерлердің де есімдері құрметпен аталады. Теріскейге келгеніне өкінбейтіндердің бірі – Сейкімбаев пен Нүсіповтің шаңырағы. Бұл екі отбасыны кездейсоқ кездестірген «Жәнібеков» шаруа қожалығының жетекшісі Қайрат Жәнібеков 11 баласымен қоса М. Жұмабаев ауданына қарасты Сулышоқ ауылына үгіттеп алып келген. Бар жағдайын жасаған. Сөйтіп тоғызжылдық мектепті жабылудан сақтап қалған. Келесі жылы бес отбасыны көшіріп алмақ ниетте.
– Сарыағаш ауданында тұрғындардың саны 300 мыңнан асады, өте тығыз орналасқан. Жылына 10 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Мен осы ауданның тумасымын. Мал бордақылау, жылыжайда көкөніс өсіру кәсіптерін жақсы меңгергенбіз. Бұл жаққа тез бейімделдік. Жайылым да, шабындық та жетерлік көрінеді. Отбасында жеті жанбыз. Өзім түрлі ауылшаруашылық бағдарламаларына қатысып, ірі қара малын, көкөніс өсіремін. Зайыбым ұстаз. Ұлым қызметте, қызым студент. Қалғандары мектепте оқиды. М.Жұмабаев атындағы ауданға қарасты Хлебороб ауылы құшағы кең құтты мекенімізге айналды, – дейді Балабек Оралов. Ол сүтті бағыттағы ауыл шаруашылығы кооперативін құруға бастамашы болған. Азамат Оспанов, Кәдірбек Сыдықов секілді жерлестері де келгендерін бұлдап, міндетсінген емес. Қол қусырып қарап отырған бірі жоқ. «Ерінбегеннің еңбегі жанады» деген осы. Жан жадырататын мұндай мысалдар көп.
Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінде тапсырған хаттамалық тапсырмасын орындау үшін еліміздің азаматтарын қоныстандыру және оларды қолдау тетіктерін дамытудың өңірлік кешенді жоспары әзірленіп, алдағы үш жылда 3000 отбасыны көшіру жоспарланып отыр. Бұл бойынша 2019 жылы – 600, 2020 жылы – 1000, 2021 жылы 1400 баспана тұрғызылады. Тағы бір жағымды жаңалық, әкімдік, жұмыс беруші мен қызметкер арасында 20 жылға үшжақты келісімшартқа қол қою көзделген. Қоныс аударушыға бес жыл өткеннен кейін тұрғын үйді жекешелендіріп алу құқығы беріледі. Осы уақыт ішінде жалға алу төлемін жасау ұсынылады. Бұл шамамен 10 мың теңгені құрайды. Келесі 15 жылда төлем шамамен 20 мың теңге болады және ол негізгі қарызды өтеу құнына кіреді.
Тұтастай алғанда, тәуелсіздік жылдары ішкі көші-қон сияқты мемлекеттік маңызы зор мәселенің оң шешім табуына іргелі қадамдар жасалып, көштің көлікті болуының ұтқыр жолдарының жан-жақты ойластырылуы өз нәтижесін беріп келеді деген қорытынды жасауға болатын тәрізді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы