Оңтүстік Кореяға жұмысқа бармақ болғандар алаяқтарға алданып қалған
Оңтүстік Кореяға барамыз дегендер опық жеп қалды! Олар шетелде жұмыс істеп, мол ақша табамыз деп ойлаған. Бірақ еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған елуге жуық азаматты, өздерінің айтуынша, алаяқтар алдап соғыпты.
Жарнамасын әлеуметтік желіде таратқандар бізді Оңтүстік Кореядағы белді компанияларға жұмысқа орналастырамыз деп уәде еткен дейді олар. Одан қалды, жатын орны мен тамағы тегін деп тағы қызықтырған. Ал осының бәрін ұйымдастыруға алдымен 900 доллар сұрапты. Осылайша, бар тапқан-таянғанын күдікті компанияға жинап бергендер жер сипап қалды.
Жұртпен дауласып тұрған оларды шетелге жұмысқа апарамыз деп уәде еткен компанияның менеджері. Оңтүстік Кореядағы жұмысты жарнамалағанда жылы сөйлеген қыз енді бет-жүзін жасырып, бұрышта тығылып тұр. Ал алдандым дегендердің бас-аяғы 45 адам. Айтуларынша, компания өкілдері «Кореяға барып, күреп ақша табасыңдар» деген. Бұл үшін алдымен 900 доллар төлеу керек болған.
Еркегүл Тоқтықызы, Павлодар қаласының тұрғыны: -Хабарландырумен біз осындай жұмысшыларды қабылдап жатырмыз деген. Қазанның 8-і күні мынадай келісіммен 900 доллар қолдарына бердік.
Алайда, қыздар да ақшаны алдамық деп азар да безер. Айтуларынша, кассаға теңге түскен бойда оны әлдебір курьер қағып кетіп отырған екен. Ал өздері мұнда жұмысқа бір ай бұрын ғана қабылданыпты. Содан бері бастықтың өзі тұрмақ, көлеңкесін де көрмедік дейді қыздар. Десе де, Оңтүстік Кореяға барамыз деп опық жеген жұрт оларға сенбеді. Ақшасын қайтаруды талап етіп, қанша кемсеңдесе де, қыздарды кеңседен шығармай қойды.
-Жібермеңдер, жігіттер! Ұстап алыңдар!
Ал Оңтүстік Кореяға жұмысқа ер-азаматтармен қатар, қыз-келіншектер де бармақ болған екен. Жоғары жалақы мен жатын орны, тамағы тегін деген жарнама нәзік жандарды да қызықтырса керек. Сол үшін кейбірі тіпті жұмыстан шығып та қалыпты. Ал енді бірі банктен несие алған. Сөйтіп, бар ақшасын шетелге апарамын дегендерге ұстатқан. Бірақ жер сипағандарын тек бүгін білді.
Айбек Тұрымбетов: -Бізге 27-ші қазанда ұшасыздар деді. Сосын ауыстырып жіберді. Кейін 30-шы қазан сағат 10-ға деді. 10-да келдік! Келсек полиция отыр екен. Сіздердің ақшаларыңызды ұрлап кетті деді.
Бұл іске қазір полицейлер араласты. Алаяқтық бабымен іс қозғалып, жұрттың қаржысын қалтаға басқандардың біреуі қамауға алынды. Ал Оңтүстік Кореяда қырып ақша табамын деп аңсаған халық енді сот табалдырығын тоздырумен болатын сияқты.
zakon.kz