Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтар эвакуациялана ма – СІМ жауабы
Қысқа сілтеме алу
Оңтүстік Корея аумағында 35 мыңнан астам Қазақстан азаматы бар, олардың 12 мыңға жуығы – заңсыз жүргендер
НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Оңтүстік Кореяда 35 мыңнан астам қазақстандық бар. Қазіргі таңда коронавирусқа байланысты оларды эвакуациялау туралы айту ерте, деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігі.
«Бүгінгі күні Оңтүстік Кореяда 35 мыңнан астам Қазақстан азаматы бар. Олардың 12 мыңға жуығы – заңсыз жүргендер. Біздің елшілікте консулдық есепте барлығы 848 адам тұр. Яғни, біздің көптеген азаматымыздың санасыздығы өздеріне қарсы шығып тұр. Себебі төтенше жағдай болған жағдайда біз оларды қалай іздейміз? Азаматтарымыздың бұл елдің қай жерінде жүргенін де білмейміз», — деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Тағы оқыңыз: Қазақстан бірқатар елмен әуе қатынасын шектейді
Министрлік азаматтарға заңды немесе заңсыз статусқа қарамастан елшіліктің консулдық бөліміне хабарласуға кеңес береді.
«Ауру жұқтырғандар мен қаза тапқандар саны артып келеді. Сондықтан аса абай болу қажет. Корея әзірге жабылмайды, эвакуациялау туралы айту әлі ерте. Бақылаймыз», — деп атап өтті Смадияров.
Бұған дейін Қазақстанның Оңтүстік Кореяға әуе рейстер санын тоғыздан үшке дейін қысқартатыны туралы айтылған еді. Сондықтан ведомство азаматтарды 1 наурызға дейін елге оралуға шақырды.
sputniknews.kz