Оңтүстік Корея Ким Жоң Унды қолдай бастады

0

АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні жасаған мәлімдемесінде, Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Уннан «аса маңызды» хатты тапсырып алғанын, жақын арада КХДР жетекшісімен кездесуі мүмкін екенін айтты.

Трамп Ақ үйде өткен министрлер кабинетінің отырысында: «Біз (Солтүстік Корея басшысымен) жақсы қарым-қатынас жасаудамыз, жақын арада кездесетін боламыз», – деп мәлімдеді.

Трамптың аталған мәлімдемесінен бір күн бұрын, Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Ун жаңа жылға арналған мәлімдемесінде Құрама Штатқа ескерту жасаған болатын. КХДР басшысы Ким Жоң Ун мәлімдемесінде, егер Уашингтон тарабы Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартуға мәжбүрлеу үшін санкциялық қысымдарды жалғастыратын болса, онда АҚШ-пен қол жеткізген барлық түсіністік селге кетуі мүмкін екенін ескерткен.

Ким Жоң Ун мәлімдемесінде, Солтүстік Корея ядролық қару өндірмеуге, ядролық сынақ жасамауға, ядролық арсеналын пайдаланбауға және таратпауға кепілдік бере алатынын жеткізген. Сондай-ақ, биыл АҚШ президенті Дональд Трамппен қайталай кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын айтқан.

АҚШ пен Оңтүстік Кореяны барлық бірлескен әскери оқу-жаттығудан бас тартуға шақырған Ким Жоң Ун, Уашингтонның «тиісті шаралар қабылдау керек» екенін, олай болмағанда Пиоңяң (Пхеньян) жаңа қадамға баратынын айтқан.

Бұл жолы Солтүстік Корея алғаш рет АҚШ пен Оңтүстік Кореядан ортақ бейбітшілік декларациясын шығаруды талап етті. Айталық, 1953 жылғы Корей соғысынан кейінгі әскери келісімді өзгертіп, әскери әрекеттерді ресми түрде тоқтатуға шақырып отыр. Алайда, сарапшылардың айтуынша, мұндай бейбітшілік декларациясы қабылданса, Құрама Штаттардың Оңтүстік Кореяға әскери араласуын заңдық тұрғыда шектеп тастауы мүмкін.

Оңтүстік Кореяның Бірігу министрлігі (Корей бірлігін қалпына келтіру туралы арнайы министрлік) жасаған мәлімдемеде Ким Жоң Унның кезекті мәлімдемесіне оң бағасын берген. Айталық, аталған министрлік Ким Жоң Унның бұл мәлімдемесі Корей түбегінің бейбітшілігі мен маңыздылығы және екі Кореяның баянды қарым-қатынасы үшін үлкен бетбұрыс ретінде бағалаған.

“The Qazaq Times”