Оңтүстік астанада «Алматы – адалдық алаңы» жобасы іске қосылды

0

Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігіне тоқталып, «Алматы – адалдық алаңы» жобалық офисінің мақсаты мемлекеттік органдардағы жемқорлықты жою, қоғамдық бақылауды іске асыру, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, билік институттарына деген азаматтардың сенімін арттыру бойынша жұмыстарды үйлестіру, сондай-ақ жекелеген азаматтар мен бизнес үшін кедергісіз әрі қолайлы жағдай жасау, деп атап өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға байланысты әрі осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды мақсат ете отырып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Алматы қаласы әкімдігі және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесе «Sanaly urpaq» жемқорлыққа қарсы технологиялар зертханасы ашылған болатын. Осы орталық ашылған аралықта он мыңнан аса азамат қамтылған түрлі шаралар өткізілген. Осы орайда білім саласында жемқорлықпен күреске байланысты арнайы ұсыныстар жасалып, жемқорлыққа қарсы технологиялар картасы әзірленген.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына орай «Алматы – адалдық алаңы офисінің» ашылып отырғандығына әрі мұндай офистің Астана қаласында ақпан айынан бергі аралықта жұмыс істеп жатқандығына тоқталды. Астана офисінің тәжірибесі осы орайда Алматымен қатар республиканың барлық өңірлерінде жүзеге асатын болады. Олжас Бектеновтың айтуынша, бүгінгі таңда жемқорлықпен күрестің арнайы қағидасы жоқ, алайда онымен күрес барысында пайда болған іс-қимылдар, әрекеттер сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуге мүмкіндік береді. Аталған жоба аясындағы басты міндет – қарапайым азамат пен шенеунік арасындағы қашықтықты жақындату. Олжас Бектенов еліміздегі жемқорлықпен күрес үрдістеріне кеңінен тоқталып, соңғы уақыттарда атқарылған істердің нәтижесі туралы баяндап өтті. Осы шара аясында сонымен қатар «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқушев қатысушыларды орталықтың жұмысына қатысты бірқатар мәліметтермен таныстырды.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/