Оңтүстік Африкада 10 жылдан бері алғаш рет қар жауды

0

Оңтүстік Африканың ең ірі қаласы Йоханнесбургте қар жауды.

BBC хабарлауынша, шілдеде оңтүстік жарты шарда қыс мезгілі болғанымен, өңірде 10 жылдан бері қар түспеген. Алайда Оңтүстік Африканың бірқатар провинциясында, соның ішінде Шығыс Кейпте, Мпумалангада және Йоханнесбург пен Соуэто кіретін Гаутенг аймағында қар жауды.

Ел билігі оңтүстікафрикалықтарға жылы киінуге кеңес береді, өйткені суық фронт елдің көп бөлігін қамтыған және кем дегенде бір апта суық болады.

«Әзірге қар жауғаннан аса бір қиындықтар туындаған жоқ», — деді Оңтүстік Африканың ауа райы қызметінің өкілі.

Метеорологтар шаруаларға мал ұстауға қолайлы жылы қоралар табуға кеңес береді.

Сонымен қатар БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының мәліметі бойынша, өткен апта әлемдегі рекордтық ең ыстық болды.

«7 шілдеде әлемде орташа температура 17,24 градус болды. Бұл 2016 жылғы 16 тамызда тіркелген бұрынғы рекордтық 16,94 градустан 0,3 градусқа жоғары», — делінген ұйым хабарламасында.

Ақпарат: Azattyq-ruhy.kz

фото: Shiraaz Mohamed/Anadolu Agency via Getty Images