ОНЛАЙН-КІТАПХАНАНЫҢ ОРТАҚ ПЛАТФОРМАСЫ ҚАЖЕТ | «Айқын» газеті
Қазақстанның кітапханалары» – «Нұр Отан» партиясының маңызды жобаларының бірі. Еліміздегі кітапхана қоры электрондық форматқа көшіп, бірыңғай онлайн-кітапханаға айналады. Әдеби мұраны онлайн форматқа көшіру бұған дейін де kitap.kz – «Қазақстанның ашық кітапханасы» жобасы аясында жүзеге асырылып келген еді. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы оқырманға икемделген бірыңғай онлайн-кітапхананың ортақ платформасын жасау қажет екенін айтады.
– «Нұр Отан» партиясы мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп, бірыңғай онлайн-кітапхана жүйесін ашуды қолға алған еді. Бұл жобаның маңызы қандай?
– Қолданушыға ыңғайлы, оқырманға икемделген электронды онлайн кітапхана керек-ақ. Партия мен министрлік қосылса, елдегі кітапханалар мен архивтердегі материалдарды ортаға салуға зор мүмкіндік ашылады.
Қазір еліміздегі барлық кітапхана өз қорларын жеке-жеке сканерден өткізіп, электронды кітапхана жасауға тырысуда. Бұл – дұрыс құлшыныс. Алайда электронды кітапхана жасау көпшілік ойлағандай оңай шаруа емес. Ол – кітаптың фото көшірмесін жасап, оны сайтқа сала салу емес. Оның өзіндік технологиялық стандарттары, құқықтық ережелері, қалыптасқан талаптары бар. Мұндай кітапханаларға ортақ талап, ортақ ереже бекітіп, дұрысы – ортақ платформа жасау керек.
Біз 2011 жылдан бері kitap.kz – «Қазақстанның ашық кітапханасы» деп аталатын жоба аясында 10 мыңға тарта кітаптың электронды нұсқасын жасадық. 2 мыңдай аудиокітап жазылып, онлайн салынды. Мұның барлығы тегін, заңды түрде, яғни тиісті авторлық шарттар негізінде таратылады. Бұл жобаның коммерциялық мұраты жоқ, мақсат – қазақша, жалпы қазақстандық кітаптардың еркін, заманға сай нұсқада оқырманға кең таралуына жол ашу. Қазақстанның ашық кітапханасын партияға да, министрлікке де таныстырдық. Kitap.kz платформасын елге ортақ онлайн-кітапхана ретінде дамыту туралы ұсынысымыз қолдау тапты. Енді осы бағытта бірлесе жұмыс істейміз.
– Қазір «оқырман азайып кетті» деген тенденция басым. Онлайн-кітапхана жүйесі бұл олқылықты жоя ала ма?
– Меніңше, оқырман азайған жоқ. Заман басқа, бәріміз де басқаша оқитын, мазмұнды басқаша тұтынатын болдық. Бұған ескі көзқарастың өлшемімен қарауға болмайды. Аға буын өз уақытымен, сол кездегі жағдаймен салыстырады. Ол заманда кітаптағы қиял айналадағы сұрқай өмірден тартымдырақ, кітап өмірден қызығырақ болатын. Қазіргі өмірдің сан қырлы қызығы, оқу-көру-тыңдау қажет контенттің тасқыны бұрынғыдай жата-жастана кітап оқуға мүмкіндік бермейді. Кез келген мазмұнмен тез танысып, оны шұғыл қорытып, келесісіне өтуге мәжбүрміз. Алдымыздағы экранда, компьютер болсын, смартфон болсын, кемінде 5-6 парақша қатар ашық тұрады. Бірінде – жазып отырған, келесісінде – оқып отырған текст, енді біреуінде – видео, тағы біреуінде – аудиокітап. Бұл әлеуметтік желілерді, жаңалықтар мен мессенджерлерді қоспағанда. Рас, бұл оқу емес, шолу. Бірақ, амал жоқ, бейімделуге тура келеді. Осы тұрғыдан келгенде, электронды кітапхана қазақша мазмұнды оқырманға жақындатуға кеңірек жол ашады. Алайда, қайталап айтайын, текстің фото көшірмесін интернетке шығара салу – жеткіліксіз. Ол қазіргі талапқа сай өңделіп, қолданысқа ыңғайлы форматқа түскені абзал. Бұл оңай шаруа емес, білім мен тәжірибені, ыждағаттылықты, уақыт пен қаражатты талап етеді.
– «Онлайн-кітапхана» жүйесі көбінде орталықтағы қалалар үшін тиімді секілді. Шалғайдағы ауылдарға кітаптарды «онлайн» оқыта аламыз ба?
– Әрине, ауыл кітапханаларының қорын жаңартып тұру – өте маңызды жұмыс. Сол себепті, өзіміз шығаратын кітаптардың мейлінше кең таралуына, қолдан келгенше, мүмкіндік жасаймыз.
Сонымен бірге, барлық деңгейдегі кітапханаларды қоса санағанда, елімізде 11 жарым мың кітапхана бар. Жаңа шыққан кітапты әрқайсысына бір-бірден жеткізудің өзі оңай емес. Көп ауылдарға ұялы байланыс сым арқылы жүретін байланыстан бұрын жетті. Сондықтан өз басым ауылға интернеттің көп ұзамай жететініне сенемін. Біз үшін мазмұн таратудың ең тиімді жолы – онлайн.
Әңгімелескен
Гүл БЕКЗАТ