ӨНЕРЛІ ҰРПАҚ – ӨРІСТІ БОЛАШАҚ
Астанадағы «Қазмедиа» орталығында «Мен – елімнің ертеңімін» атты республикалық балалар шығармашылығының байқауы өтті. 4 пен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысқан шараны белгілі журналист, диктор Бағдагүл Рахметқызының «Сөз мерген» медиа студиясы ұйымдастырды.
Өнерпаздар байқау барысында «Көркем сөз оқу шебері», «Дәстүрлі ән», «Халық аспаптар», «Хореография» және «Эстрадалық ән» номинациялары бойынша өнер көрсетті. Кешті тамашалай отырып, егемен елімізде талантты, білімді де талапты буын өсіп келе жатқанына көз жеткіздік.
«Өнерлінің өрісі кең» демекші, қазақ халқының қанына сіңген құдіретті өнері ауыз толтырып айтарлықтай. Оған тамыры тереңде жатқан бай тарихымыз дәлел. Еліміздің әр өңірінен өнерін паш етуге келген 350-ге жуық өнерпаздың басын қосқан мұндай шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Кеште еліміздің ертеңіне айналар өнерлі балалар мен жасөспірімдер жезтаңдай әншілігімен, күмбірлеткен күйшілігімен, мың бұралған бишілігімен, сөз қадірін түсінген шешендігімен көзге түсті. Өнерпаздардың талантын өнер мен мәдениет саласындағы елімізге белгілі, білікті мамандар бағалап, байқауға қатысушылардың баршасына жарқын болашақ тіледі.
Елбасы алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Сондықтан қай салада болсын, жастарға қолдау көрсетілетін, олардың бойындағы талантын тану мақсатында өткізілетін игі бастамалар қолға алынатыны сөзсіз. «Елінің болашағын білгің келсе, жастарына қара» деген. Көк туымызды көкте желбіретер білімді, өнерлі ұрпағымыз мақтанышымыз.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ