«Өнерге келгенде тоқалдың баласы сияқты қарап қалады»: Саттар Ерубаев әртістердің қанша алатынын айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Елімізге танымал өнерпаз, «Тамаша» әзіл-ысқақ театрының актері Саттар Ерубаев қазіргі актер мамандығын бітіріп жатқан студенттердің болашағына алаңдайтынын айтады. Оқуын бітірген түлекті күтіп тұрған жұмыстың жоғы бір мәселе болса, аз айлық та қол байлау. Stan.kz тілшісі актермен жолығып «Тамашаның» қазіргі хәлі мен театр актерлері қанша айлық алатынын біліп қайтты. 

саттар ерубаев

Балалық шағыңыз туралы айтып беріңізші, актер болғанға дейінгі Саттар туралы?

Бұрынғы ОҚО, Мақтарал ауданында дүниеге келдім, әкем қарапайым құрылысшы. Анамның дүкені болды, саудамен айналысты. Отбасымызда үш жігітпіз. Ағам мен інім бар. Барлығымыз өсіп өнгенбіз, балалы-шағалымыз.

Өнерге кішкентай кезіменен қызығатынмын. Әке-шешем өнерге келуге қарсы болмаған. «Бауыржан-шоудың» концерттерін жатқа білетінмін. Бір концертте 7-8 номер қоятын болса, бір көргеннен жаттап алып, дәптерге жазып алатынмын. Оның үстіне бізге көрші Ташкент жақын болғандықтан, сол елдің өнерін көріп салыстырып, аражігін ажыратып жүрдік. 

Бойдағы қан, жастық жалын өнерге алып келді. Мектеп бітірген жылы бірден оқуға түсіп кете алмадым. Сол жылдары барлық жігіттердің арасында ауру тарап, бір жыл емделіп жаттым. 

Академияға келерде анам Алматыда не бар деген сыңай танытты. Барып көрейік деп қоймадым. 2003 жылы оқуға тапсыруға ерте келіп алдым. Сол кезде оқуға тапсыруға келген жас балалардың ішінде Ерболат Төлегенов, Дәркен, Айбар сынды жігіттер болды. «Шімән апамен» таныстығымыз төбелестен басталған. Ол батыстың жігіті, дөрекілігі басымдау болды. Алғаш оқуға келіп құжат тапсырарда көрсететін нең бар дегенде ештеңесі жоқ екенін айтады. Содан ағайлар мені көрсетіп: «Саттарға барсаң бәрін түсіндіріп береді» дейді. Мен барырынша жол көрсетіп, не істеу керегін түсіндірдім. Сөйтсем Ерболат барлығын дайындап беруді сұрап, дөрекі мінез көрсетті. Мен оған жөніңе кет десем, жұдырық ала жүрді. Мен де құр қарап қалмадым, сол жерде екеуіміз шарт-пұрт төбелесіп қалдық. Ағайлар ажыратып алған. Содан кейін екеуміздің жұбымыз жазылмады. Академиядағылардың барлығы бізді «Айман-Шолпан», «екі томпақ», «егіздер» деп қағытып мазақтайтын. Қайда барсақ та бірге болдық, қазір отбасмызбен араласып тұрамыз. Ол — менің үлкен ұлымының кіндік әкесі. 

Мен айтып отырған оқиғалардың барлығы осы жылдың басында өткен он жылдық «Кел, күлейік» атты тұңғыш концертімде сахнада қойылды. Оқуға түскенім, достарым, «Бауыржан-шоуда» жүргенім, «Тамашада» болғаным, киноларға түскенім — барлығы сценарий болып сахнада қойылды. 

Осылай үлкен концерт беріп, халық алдында есеп беріп жатқаным, тәжірибенің арқасы деп білемін. Жас кезімізде «Бауыржан-шоуда» жүргенде рөлдің маңызын түсінбей, әйтеуір ойнаған шығармын. Ал қазір қай отқа салсаң да, ойнап шығатыныма сенімдімін.

Сіз ойнаған мықты әзіл ысқақ театры «Тамаша» қазір неге мүшкіл ақуалда?

Жағдайы нашар деп айта аламын. Неге десеңіз, театрмен жұмыс істемей жатыр. Көзбен көрініп тұрған дүние. Жұмыс істетпей жатыр десек те болады. Әлия Лұқпанқызы Есенова —  «Тамашаның» президенті. Актерлерді таңдау, концерттер беру, бәрі сол кісінің қолында. Бірақ апайымыз жеңіл жолға түсіп алды. Телеарналардан эфирге шығатын тележоба ғана ретінде қарайды. Халықты қалай жинаймын деп бас ауыртпайды. Менің айтайын дегенім, «Тамашаға» көңіл бөліп, жұмыс істемей жатыр. Залға көрермен толтыру, жарнама дегенмен мүлде жұмыс жасамайды. 

саттар ерубаевМүмкін бастықты ауыстыру керек шығар?

Театр сол кісінің атында болғандықтан, оған ештеңе істей алмайсыз. Бәрібір ол кісі ешкімге бермейді. Барлығы сол кісінің қолында. Шынымды айтсам, менің жаным ашиды. «Ата театр» деп айтып жатамыз, бірақ хәлі өте нашар. Егер жақсы админстратор, команда жасақтап, жан-жақтан ұйымдастырып, ел ішіне, шет елге гастрольдік сапар ұйымдастырса, театрға жан бітер еді.  

«Қазір ол театр бар ма өзі» деген сұрақтар естіп жатамын… 

Көп адамның көкейінде жүрген сұрақ. Жылына бір концерт бермейді. Жылына төрт концерт беріп біздің қолымызды босатпай жатса, біз ешқайда бұрылып кетпес едік. Басқа жұмыстарға алданбас едік. 

Бізден кейін оқыған «Өнер қырандарының» жігіттерін қарасаңыз нағыз еңбек солардікі. Тыңбай еңбектеніп, үнемі ізденіс үстінде жүрген оларға өте ризамын. Олардың театры тірі. Ал телевизиялық бағдарлама ғана жасап «Тамаша»  телевизиялық бағдарлама ғана жасап жеңіл жолға түсіп алды.

Шығармашылық кешімді жасау «Тамашаның» осындай хәлге түсіп кетуінен. Актер болған соң маған халық алдында өнер көрсетіп, олармен қарым-қатынасқа түсуім керек. Өздеріңіз білесіздер, жақында «Тамаша» театрының 40 жылдық мерейтойы өтті. Бірақ концерт қалай болса, солай өте салды. 

Мерейтойдың бағдарламасын жасап жатқанда әр облысты аралап өнер көрсетейік деген де ұсыныс  болды. Ең құрмағанда, бізге сеніп тапсырып, бізге еркіндік бергенде театрды өлтірмес едік. Менің зарлайтыным, айтып жылайтыным, бізге жеткен аманатты өлтіріп аламыз ба деп қорқамын. Бізге дейін жанып келген театр біздің қолымыздан тарап кетпесе екен. Аманатты өзімізден кейінгілерге абыроймен тапсырып кеткің келеді. Өйткені бұл театр — үлкен мектеп. Талай жұлдыздың жарығы осы театр сахнасында жанған. «Тамашаның» күні әлі біткен жоқ, осымен бітіп қалмаса екен деген тілек біздікі.

Академияны жылына көптеген студент бітіреді. Барлығына жұмысқа тұрып кетуге шақырып отырған театрлар да жоқ. Бұл мәселе ме әлде қалыпты жағдай ма? 

Үлкен мәселе. Бітірген түлектер жұмыс таппаған соң тойға барады, сахналық көріністермен сценарий жазып жүреді. Артымнан еріп келе жатқан жастардың болашағын ойласам қорқамын. Академияда жүрген студенттерді шақырып сұрап, әзірден әрекет жасаңдар деп айтып отырмын. Жиырма студент бітірсе соның барлығы жұлдыз болып кетпейді ғой. Әр өңірдегі театрларға барып тәжірибе алуы керек. Бұрын академияны бітірген соң жан жаққа жіберетін. Қазір ондай емес. Бізге жүйені дұрыстау керек. 

Төрт жыл неменеге оқиды егер ертең театрда істемесе, киноға түспесе?! Қазір квн-щиктер де, вайнерлер де актер болып түсіп жатыр. Қазір бүкіл телевизия, театр, шоу-бизнес тоқырап тұр. Мән-маңызы бар жырауларымыз бен жыршыларымыздың термелері ешкімге қызық емес. Екеуміз осы жерде қырылып төбелесіп жатсақ, елге сол қызық. Қоғам болып өзгеру керек. 

саттар ерубаев

Театр актерлері айлап, жылдап тер төгеді. Соның барлығы он минуттық ықылас үшін істейсіздер. Сол театр актерлерінің айлығы шайлығына жетіп жатырма?

Өнерге келгенде тоқалдың баласы сияқты қарап қалады. Істелген еңбекке сай еңбекақы берілсе деп ойлайсың…

Актердің уайымы, жүйкесі, қобалжуы шексіз. Актерлердің еңбегі қажетті деңгейде еленіп жатқан жоқ. Актерлердің  рахаты мен ләззаты, күші — халықтың қошеметіне бөлену. 

Істеген еңбегіңе қарай берілсе дейсің.  Басында жас актерлер 30-40 мың алып жұмыс істейді. Бәрі аз алады немесе көп алады деп айта алмаймын. Театр, өнер саласына еңбегі сіңген ағаларымыздың қалтасына қанша түсетінін білмеймін. 

Театр актерлерінің нақты айлықтарын айтып өте аласыз ба? 

Шамамен айта аламын. Жаңадан кірген актер 40-50 мыңның арасында еңбекақы алады. 

Екі-үш жыл қызмет еткен актерлердің айлығы 70-75 мыңның арасы.

Бес-алты жыл жүрген актер 100 мыңға дейін алады. Қайраткер, еңбегі сіңген деген актерлер 150 мың мен 200 мыңның арасында алауы мүмкін.

Халық әртістер 200-300 мыңның арасында айлық алады. Біздегі актерлердің айлық жалақысы осы деңгейде ғана. Қалған айлықты халық беріп жатыр. 

Актерлер еңбегі мемлекет тарапынан қаншалықты еленіп жатыр?

Танымал болмасаң, көрінбесең еңбегің еленбейді. Оның үстіне әзіл саласында жүрген актерлер әлі күнге дейін жарытып марапат алған жоқ. Әзіл-ысқақ актерлерін жеңіл өнер иелері деп қарап жатады. Сонда бір басымыз жиналғанда: «Үш жыл әзілді бермей, еш жерде шықпай қояйықшы. Сонда халық бізді іздей ма екен» деп айтамын.

Тек мейрамдарда ғана еленіп қаламыз. «Өнер қырандарындағы» Мадиярға он жыл дегенде мәдениет үздігі деген атты енді беріп жатыр. Кеше ғана киноға түсе бастаған жігіттер марапатталып жатыр, бізге бермеді деп өкпелемеймін. Осы мамандықты оқыған соң дәлелдеп, биігінен көрінгің келеді. «Той ма сендердің бар деңгейлерің?» деп қайрайтын адам керек бізге.

 

Сұқбаттасқан: Жанна МӘЛІК

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

 

stan.kz