Өнер оқу орнының басшылары Ынтымақтастық Меморандумына қол қойды
Асхат Маемиров, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының ректоры:
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи мақаласының негізінде нақты қандай жұмыстар атқарылатынын және болашақ жоспарымызды айқындап, талқылау мақсатында өзара Ынтымақтастық Меморандумына қол қойғалы отырмыз. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында келтірілген деректер мен дәйектер, құндылықтар мен мәдени мұралар ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орнын айшықтауға бағытталған ауқымды қадам болды. Мақалада түркі әлемінің генезисі туралы кеңінен қозғалған. Қазақстан Президентінің бастамасымен қайта дүниеге келген «Мәңгілік ел» мұратының да негізгі өзегі – Ұлы дала елін түркі халықтарының ата жұрты ретінде қабылдауға негіздеу, тамыры терең ұлттық мәдениеттің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету. Елбасының бастамасымен Қазақстанда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық түркі әлемі зерттеулері – түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына алтын арқау болып келді. Бұған түлектері әлемдік және ұлттық мәдениет пен өнердің алтын қорын құрайтын шығармашылық зиялы қауымын дайындайтын, өзін мойындатқан — қара шаңырақ, Қазақстандағы және Орталық Азиядағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы үлкен үлес қосып келеді. Біз, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы, Елбасы көрсетіп берген сара жолмен төл мәдениетімізді әлемнің барлық құрлықтарына таныстыру ісіне белсене араласатынымызды мәлімдейміз. Өнер саласы бойынша алдыңғы қатарлы ұлттық білім беру жүйесін дамыта отырып, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар шығару ісін бұдан әрі күшейте беретініміз сөзсіз.
Айман Мұсақожаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры:
– Біз, барлық қазақстандықтар, елім дейтін отансүйгіш ұл-қыздар бір кезеңдерде алға ұмтылдыратын сеніміміздің ақ желкен, алтын қазығы – ұлттық идеяның өмірімізде пайда болғанын қалаған едік. Біз тәуелсіздік кезеңіне аяқ басқанда «қазақ халқының рухын қалай көтереміз?» деген сауал жүрегіміздің түкпірінде, санамызда сайрап тұрды. Міне, бүгінгі Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының заңды жалғасы іспеттес «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы сол сауалды қайта жаңғыртып отыр. Шынында да, бүкіл санамызды ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызға бағыттап келеміз. Сонау замандардағы Ұлы дала төсінде пайда болған бабалардан келе жатқан ұлттық мұраларымызды, мәдениетімізді терең тануға, жаңа қырынан ұлықтауға және түркі бірлігін бұрынғыдан да күшейтуге жаңа серпін, жігер берді. Сондықтан «Ұлы даланың жеті қыры» қазақ елі ұрпақтарының рухани санасына әсер ететін маңызды тарихи құжат болып қалатыны сөзсіз. Жасампаз идеямен астасып жатқан мәні бар мақала әсіресе, өнер қауымының шабытына қанат бітіреді деп ойлаймын. Осы жылдар ішінде елімізде мәдениеттің қай саласы болса да өрісі кеңейіп, дамып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Біз өмір сүріп отырған жаңа ғасырды жаңа инновациялар арқылы дамытуымыз қажет. Елбасы мақаласында атап айтқандай, дала фольклоры мен музыкасының мың жылы аясында мәдениетіміздің сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз. Әрине, мұндай маңызды міндеттер тек бүгін, бір күн ішінде ғана атқарылмайды, алдағы уақытта рухы биік жастарымыз үздіксіз жалғастырып отыруы керек. Міне, сол себепті Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның ректоры Арман Жүдебаев және Өнер академиясының ректоры Асхат Маемировпен Ынтымақтастық Меморандумына қол қоя отырып, Елбасы мақаласында міндеттелген Ұлы дала жобаларының негізінде шығармашылық байланыстар орнату арқылы жүзеге асырамыз деген ниеттемін.
Арман Жүдебаев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры:
– Өздеріңізге мәлім, осыдан бір жарым жыл бұрын жариялаған «Рухани жаңғыру» мақаласы қазақ қоғамының руханияты мен мәдениетінің көкжиегін ашқан мақала болды. Ал, бүгінгі жарияланып отырған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық мұраларымызды терең тануға серпін беретін үлкен тарихи мәнге ие құжат болып табылады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Әсіресе, Ұлы даланың ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің қайнар бұлағы», – деп атап айтқан жолдары рухани жаңғырудың негізі, еліміздің өнері мен мәдениетінің қайнар көзі – ұлттық күйлеріміз бен ән-жырларымыз күн сайын санамызда жаңғырып тұруы тиіс. Т.Жүргенов атындағы академиямен және Қазақ ұлттық өнер университетімен бірлесе отырып, Елбасы мақаласының парасатты қағидаттарының негізінде талай-талай шығарамашылық жұмыстарды бірлесе отырып жандандырамыз деген ойдамын.
Елбасы мақаласын талқылауға қатысқан жиында КСРО халық әртісі Бибігіүл Төлегенова, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев, белгілі ақын, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева және басқа да өнер қайраткерлері осынау игі бастамаға атсалысу – баршаның қастерлі міндеті екенін және бұл бастамаға қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
Алматы