өнер адамдары карантин кезінде Наурызды қалай атап өтті

0

Sputnik Қазақстан тілшісі өнер адамдарына хабарласып, карантин кезінде Ұлыстың ұлы күнін қалай атап өткенін білді

АЛМАТЫ, 23 наурыз – Sputnik. 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні, жыл басы. Биыл коронавирус инфекциясының тарауына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабылды. Соған байланысты концерттер кейінге қалдырылып, мерекеге жоспарланған іс-шаралар болмады. Sputnik Қазақстан тілшісі өнер адамдарына хабарласып, карантинмен тұспа-тұс келген мерекені қалай атап өткенін сұрады.
Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мейрам кезінде үйде ұлдарының жанында болғанын айтты.

«Бала-шағамызбен отбасы болып дастархан басында отырдық. Түстен кейін аулаға шығып, көршілерімізбен жүздестік. Кешке тағы да теледидар алдында отырып, концерт, фильм қарадық. Мерекеге қарсы жақсы концерттер көрсетіліп жатыр. Арасында менің де әнім бар», — деді Рымбаева.

Әншіден көршілерімен кездескенде қандай сақтық шараларын қолданғанын да сұрадық. Айтуынша, жұлдызды отбасы медициналық бетпердені тастамай тағып жүр.

«Маскамызды тағып, үйге келген соң міндетті түрде қолымызды жуып, аяқкиімімізді де тазаладық. Айналамызда ешкім бұл вирусты жұқтырды деп ойламаймын, алайда «сақтықта қорлық жоқ». Мерекеде қонақ күткен жоқпыз. Бұл біздің жаңа жылымыз ғой. Әркім өз дастарханында, өз отбасымен болды. Әркім өз үйінде отыруы керек. Осындай сәтте халқымызға сабыр тілеймін. Бұл тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан жағдай. Уақытша сын, емтихан шығар. Бұл күн де өтеді», — дейді халық әртісі.

Әнші карантин кезінде ұлдарымен бірге болып, жоспар құрып жатыр. 

«Көптен бері ұлдарыммен бірге болуға мүмкіндік болмаған еді. Бірі сабақта, бірі жұмыста жүреді. Қазір үйдеміз. Әңгіме айтып, жоспар құрып, ақылдасып жатырмыз. Әйел адамның үйдегі тірлігі таусылмайды. Ұлдарыма ас әзірлеп жүрмін. Қазақ қанша нәубетті басынан кешірген халық. Бастысы, сабарлық таныту керек. Бұл кезеңнен де өтеміз. Артық сын мен сөздің қажеті жоқ, тек сақтық шараларын жасау керек», — деді Рымбаева.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова елу адамға үйден шықпау туралы хабарлама жібергенін айтты. Сонымен қатар Еуропа елдеріндегі жағдайды көріп, қазақстандықтарды үйде болуға шақырды.

«Үйдеміз. Испания, Италиядағы жағдайды көріп, қарап отырмыз. 22 наурызда «үйде отырыңыздар, тәртіп сақтаңыздар» деп елу шақты танысыма хабарлама жібердім. Менің қосқан үлесім осы болды. Жұлдызнамаға сүйенсек және қарияларымыздың айтуынша, күн мен түн теңелгеннен кейін ерте тұрып, тілек тілеу керек. Мен солай істедім. Ерте тұрып елдің тыныштығын, осы кесапаттың бітуін, адамдардың амандығын тіледім», — дейді әнші.


©
Sputnik / Тимур Батыршин

Майра Ілиясова Sputnik Қазақстан тілшісімен сұхбаттасып отыр

Сонымен қатар әнші карантин кезінде кітап жазуда. Жазушы болмаса да, өмірде, өнерде көргенінен ой түйіп, екінші кітабын шығарғалы жатыр.

«Мерекеде наурыз көже әзірледім. Уақытты бос өткізбей, шығармашылықпен айналысып жатырмын. Жазушы болмасам да осыған дейін «Әнші Майра» деген кітап жазғаным бар. Қазір өмірде, өнерде көргенімді, түйгенімді  «Қазақтың Майрасы» деген кітап қылып жазып жатырмын», — деді Ілиясова.

Ал актриса Айгүл Иманбаева карантин енгізілетінін естіген соң астанадан Алматы облысына анасының жанына келгенін айтады. Қазір анасы мен ұлының жанында демалып жатыр.

«Менің ең сүйікті ісім – кітап оқу. Қазір де кітап оқып, ұйқыны қандырып, үйдегілермен әңгімелесіп, демалып жатырмын. Өзім астанада тұрамын, карантин енгізілген соң Алматы облысына анамның үйіне келдім. Анам, ұлым үшеуіміз мереке күні үйде болдық. Оған дейін де, одан кейін де сыртқа шыққан жоқпын. Мейрамды соңғы рет қашан үйде қарсы алғаным есімде жоқ. Анамның наурыз көжесін ішіп, ұлым екеуміз еркелеп жатырмыз. Біздің келгенімізге анамның қуанышында шек жоқ», — деді Иманбаева.


©
Photo : instagram

Эстрада әншісі, актриса, «А.И» театрының директоры Айгүл Иманбаева

Сондай-ақ, әнші болып жатқан оқиғаларды табиғаттың берген сигналы деп қабылдайтынын айтты.

«Әуезов театрында Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» романы желісінде қойылым қойдық. Мен қасқырдың рөлін ойнаймын. Сол шығарманы оқып отырып, жер бетінде ең артық тіршілік иесі адамдар деген ой түйгенім бар. Қасқырдың рөлін ойнаймын деп адамзатты жек көріп кеттім. Бұл табиғаттың бізге берген сигналы, жүргізіп жатқан «уборкасы» шығар. Мұны мен тәубешілікке келу, есті жинау деп түсіндім», — деді әнші.



sputniknews.kz