Өндірістік тыңшылық: технологияға талас жалғасуда

0

Орта ғасырдағы ұрлық. Өзгенің ғылыми жетістігін жымқыру орта ғасырларда қарқынды жүрген. Мәселен, сөз болған Қытайдан француздың иезуит тақуасы Франсуа Хавьер д’Энтреколь фарфордың жасалу жолын жасырын алып шыққан. Оның ісі Франсуа соншалық тақуа болмағанын көрсетеді. Ал португалдық теңізшілер арабтардың теңіздегі кеменің орнын анықтайтын құралдарын, жарылғыш заттарын ұрлауға әуес болған. Наполеон Бонапарт кезінде үздік француз болатын құюға байқау жариялайды. Оны жаңа формула ұсынған да, ағылшын болатының құрамын үптеген де ұта алатын еді. Нәтижесінде, бәйгені ағылшын болатының формуласына «заңсыз қол жеткізген» 24 жасар Фридрих Крупп жеңеді. 

Өндірістік тыңшылық сол замандарда бірнеше мақсатта жүргізілді: үлкен ғылыми ізденіске қажет қаражат пен уақытты үнемдеді, өнім бірнеше есе өсті немесе тауар сапасы артты, сауда еселенді, бәсекелесті шығынға ұшыратты, осының бәрі үлкен пайда әкелді. Еуропада капиталистер, буржуазия қалыптаса бастағанда өз өндірісін дамыту үшін тыңшылыққа жүгінгендер аз болмады. Орта ғасырларда қалаларда тыңшылардың кезіп жүруі қалыпты жағдай еді және оны білген кәсіпкерлер өз зауыттарының құпиясын барынша жасыруға, қорғауға тырысты.

ХХ ғасыр. АҚШ пен КСРО. Өндірісті дамыту мақсатында тыңшылық жасау ХХ ғасырда ерекше үдей түсті. Ол кезде тыңшылардың мақсаты АҚШ болды. Себебі онда индустрия жаңа деңгейге шықты. Жаңадан құрылған Кеңес Одағы өз елінде индустриализация жүргізу үшін заңды-заңсыз жолдарға жүгінгені мәлім. Мәселен, ғасыр басында Кеңес елі Нью-Йоркте Amtorg компаниясын ашады. Ол америкалық тауарларды сатып алумен айналысты, оған қоса, экономикалық тыңшылықты да қатар жүргізді. Ал 1960-70жж кеңес тыңшылары ГДР-дегі әріптестері арқылы швейцариялық химик Жан-Поль Супердің көмегімен Конкорд ұшағының сызбаларына, Кодак компаниясының мәліметтеріне қол жеткізеді. Келесі жоба — ГФР-дегі кәсіпкер Рихард Мюллердің құрамына 20 компания кіретін СТС атты ірі бизнес-империясы еді. Оның астыртын міндеті Еуропадан КСРО-ның өндірісіне қажет мәлімет ұрлау болды.

Батыс та қарап қалмаған. 1960жж басында КСРО-ның әскери барлау қызметінде істеген полковник Олег Пеньковский АҚШ пен Британ барлаушыларына әскери стратегия, зымырандарға қатысты 5500 құпия құжаттарды беріп жіберген. Жалпы ықлым замандардан бері өндіріс құпиясын ұрлағандар қатты жазаланған. Айталық, сол Қытай императорлары жібек құрттарды ұрлағандарды бірден өлім жазасына кескен. Сөз болған Пеньковскийге ату үкімі шығарылды. 

Бизнес-тыңшылық – үлкен табыс. Тыңшылық тек мемлекеттер арасында ғана емес, компаниялар арасында да жүрді. Мәселен, 1980-90жж компьютер мен электроника шығаратын француздың Groupe Bull компаниясы атақты IBM-нан, Volkswagen Opel-ден, General Motors Ford компаниясынан мәліметтерді жымқырды деген ақпарат бар. Бүгін түрлі маркадағы көліктердің дизайны, технологиясы өте ұқсас екенін ескерсек, онда автогиганттар арасында сызбаларға, ақпараттарға астыртын бәйге жүріп жатқанын байқау қиын емес.

2000жж технологиялар тез дамып, ғылым миллиардтаған доллар әкеле бастағанда ғылыми деректер тыңшылар үшін негізгі нысанға айналды. Оларды «рұқсатсыз сүйреп кетуге», тіпті, спутниктер де қолданылыпты. Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі ел экономикасына көмектесу үшін біраз жыл аталған бағытта істеген екен (қазір де сол жұмыстар жалғасып жатса, ғажап емес). Мәселен, Германияның энергетикалық нарығына кіргісі келген ресейлік компанияларға көмектескен немесе немістің баламалы энергия саласындағы мәліметтерін аңдыған. Міне, осылайша жоғары технологиядағы ақпараттар шет жаққа заңсыз ұрланғаннан Германияда жылына 50 мың жұмыс орны жабылып, экономика 20 млрд еуро шығын көреді екен. Алайда Алман елі де ай қарап жүрмепті. Германияның сыртқы барлау қызметі 1999-2006жж арасында Австрияда орналасқан Швейцарияның Sandoz, Panalpina, Bossard, Tecan, Habasit компанияларын аңдып келген. Егер Швейцария әлемдегі ең инновациялық мемлекеттің бірі екенін ескерсек, онда Германия индустриясы көршісінен біраз құпия құжаттарды алып үлгерген сияқты.

Әлемді аңдыған Қытай. Соңғы жылдары өндірістік тыңшылық саясатын ең белсенді жүргізіп келе жатқан елдің бірі – Қытай. Бұрындары нысан тек Ресей мен АҚШ есептелсе, қазір Қытай тыңшылары қай елден пайдалы технология тапса, оны сол жақтан жымқырып кетуге даяр. Мәселен, Францияның «Кроталь» зениттік-зымыран кешені, Голландияның «Голкипер» кемедегі зениттік-артиллерия кешені туралы деректер қолды болған. Әрине, ол үшін тыңшылардың кеңейтілген жүйесі, желісі таралған. Мәселен, Австралияға қашқан екі қытай дипломаты сол елде Қытайға қарасты 1000-ға жуық тыңшы мен «ақпарат беруші кісілер» жұмыс істегенін хабарлаған. АҚШ басылымдарына сенсек, Қытайда қазір 202 Технологияны трансферлеу орталығы жұмыс істейді. Олардың бір міндеті – шет елден ғылыми мағлұматтар жинау. Осы тапсырманы орындау үшін түрлі әдіс-тәсіл қолданылады екен. Америкалық, еуропалық ірі компанияларда жұмыс істейтін қытай ғалымдарымен байланысқа түсу, шет ел ғалымдарына пара беру, әлемнің ең ірі технологиялық университеттеріне студенттер жіберу және тағысын тағылар. Süddeutsche Zeitung баспасының мәліметінше Қытай өкілдері Германиядағы Бундестаг мүшесіне (депутат) маңызды инсайдерлік ақпарат үшін 30 мың еуро ұсынған. Яғни, мақсатқа жету үшін барлық амал іске қосылуы мүмкін.

Жалпы Қытай АҚШ технологиясын ашық әрі жасырын ұрлайтын ең ірі мемлекет. Қытай компаниялары америкалық тауарларды көшіріп, ешбір лицензиясыз оның арзан түрін сол АҚШ-тың өзіне 2 есе арзан бағада сататыны бар. Сәйкесінше, бәсекелестерін шығынға батырады. Алайда кей-кездері мәліметтер тек ұрланып қана қоймай, бәсекелес компанияның IT-жүйелерін істен шығарып кетеді. 2009 жылы Google, Adobe Systems, Yahoo секілді 20 компанияға жаппай кибер шабуыл жасалған. Хакерлер вирус арқылы аталған IT-гиганттардың ішкі жүйесіне кіріп, ақпарат көшірген. Кейіннен шабуылды Пекиндегі Elderwood Group жасағаны белігілі болды (Қытай армиясымен байланысы бар).

Жақында АҚШ-тағы зияткерлік меншікті ұрлау бойынша комиссия Қытай өзінің өндірістік тыңшылығы арқылы Америкаға 600 млрд доллардай шығын әкелетінін хабарлады. Әсіресе, Калифорниядағы Силикон алқабында жұмыс істейтін ғылыми қызметкерлер, инженерлер тыңшылар үшін құнды олжа. Егер Пекин барлаушылары қытай ұлтының өкілдерін әріптестікке тартып не оларды үркітетін болса, Мәскеу «жансыздары» әдетте жеңіл жүрісті қыздарды пайдаланады екен. Қос тараптың да мақсаты құпия ғылыми деректерге қол жеткізу.

Ұсталғандар. Қытай тыңшылары АҚШ-та бірнеше рет ұсталып, олардың қандай салаларды аңдығаны белгілі болған. Ол мұнай, әскери инженерия, флот және басқа да бағыттар. 2018 жылы желтоқсан айында АҚШ-та 12 жыл тұрып, америкалық мұнай компаниясынан 1 миллиард долларға құпия мәліметті қытайлық компанияға сатпақ болған Хунцзинь Тан есімді азамат ұсталды. Сондай-ақ, былтыр қытайлық мемлекеттік компания АҚШ-та жады чиптерін шығаратын Micron компаниясынан 900 файл ұрлаған. Оны Micron-ның бұрынғы қызметкерлері апарып берген. Тегін емес екені анық. Micron-ның шығыны 8,75 млрд долларға бағаланды. Кейін United Technologies Research Center компаниясында істеп, АҚШ-тың жойғыш ұшақтарының двигателі туралы мәліметті Отанына жіберіп отырған Қытай азаматы істі болды. Ал 2018 жылы қаңтар-ақпан айларында Америка армиясына су асты кемелері мен радиоэлектронды күрес жобаларын ұсынған жеке компаниядан 614 гигабайт ақпаратты Қытай хакерлері үптеп кетіпті. Яғни, пайдалы мәлімет қайда болса, тыңшылар сонда қолын салып отырған. Сәйкесінше, кейін оларды өз елінде пайдаланады. Кейбір сарапшылар Қытай өзінің 5-ші «ұрпақтағы» су жаңа J-31 әскери жойғыш ұшағын Ресей, АҚШ, Израильден «өндіріс баукеспелерінің» сүйреп әкелген ақпаратының негізінде жасап шықты дейді.

Бұл хабарлар өндірістік тыңшылықпен Қытай ғана айналысады дегенді білдірмеуі керек. Тек АҚШ-та жергілікті медиа жақсы дамығандықтан құпия жаңалықтардың өзі журналистерге лезде мәлім болып, кейіннен ол әлемге тарайды. Оған қоса, бұл мәліметтер президент Трамптың қазір Қытайға қысым көрсету саясатымен жақсы үйлесіп кетті. Басқаша айтқанда, Пекинге жарияланған сауда соғысына ақпараттық қолдау. Әйтпесе, индустриядағы тыңшылық азаяр емес. Мысалы, былтыр жаңа жыл алдында Мәскеуде әскери өндірістегі мәліметтерді аңдып жүрген жерінен Пол Уилана есімді АҚШ азаматы ұсталды. 2014 жылы Ресейдің индустриялық Орал өлкесінде машина құрастыру зауыттарынан құжат жинаған Украина азаматы құрықталған. Ал 2015 жылы Нью-Йоркте микроэлектроника мен қос мақсаттағы технологияны заңсыз тасыған 11 адам 10 жылдан 25 жылға дейін сотталды. Оның жартысы ресейліктер. Бұл фактілер мемлекеттер арасындағы тыңшылық әлі күнге белсенді жүріп жатқанын айқын көрсетіп отыр. Мұндай күрес барысында адал бәсеке, заң талаптарын орындау, лицензиямен тауар шығару, бизнес-этикаға орын жоқ сияқты көрінеді.

Бизнес-гиганттар. Кезінде әлемдік ұялы телефон нарығының 80 пайызын жаулаған Nokia компаниясы touch screen технологиясындағы смартфондарға оңбай ұтылған көптің есінде. Сол үшін көптеген ірі корпорациялар жоғары технологияға қол жеткізіп, нарықтағы орнын сақтау үшін кейде заңды аттап өтуге даяр. 2018 жылы Samsung Оңтүстік Кореялық Toptec компаниясы қытайлық бәсекелестерге OLED және иілгіш дисплей технологиясын сатып жібергені үшін алдағы үш жылда 5,8 млрд доллар шығын көретінін мәлімдеді. Кейде мәліметтерге заңды жолмен қол жеткізетіндер бар. Мәселен, компанияны толық сатып алуға болады. 2017 жылы Google белорустың AIMatter атты мобильдік қосымша жасаушы компаниясының иесі атанды. Бекер емес екені белгілі. Бұл бағытта да қытайлық кәсіпкерлердің жұмысы жемісті. Олар соңғы 10 жылда Еуропадағы 670 компанияны толығымен не жартылай сатып алыпты. Яғни, сол кәсіпорындардағы технологияларды иеленді.

Қарсы жауап. Әрине, АҚШ Қытайдың мұндай әрекеттерін сынап, бірнеше рет айыптады. Енді жай айыптан нақты қадамдарға көшіп жатыр. Былтыр АҚШ-та авиация, робототехника, жоғары технология саласында оқитын PhD студенттерінің визасын 5 жылдан 1 жылға қысқартты. Қытайдың Huawei брэндінің АҚШ нарығына кіруіне, оған серверлер сатуға тыйым салды. 2019 жылы да мұндай шектеу шаралары көбеймесе, азаймайтыны анық. Жалпы  ықлым замандағы жібек құрттарына қандайда да жолмен болсын қол жеткізіп, пайдаға кенелу деген мақсат-мұраттар әлі өзгермеді. Тек қана жібек орнына жаңа технологиялар келді және тыңшылық әдістер үздіксіз жаңарып отыр. Адамзат ғұмыры қанша жалғасса, бұл іс те соншалық жалғасатын секілді.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА

Дереккөз: http://egemen.kz/