Ондаған наразы ана Назарбаев пен Тоқаев қатысатын форумға бара жатыр

0

16 мамырда Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне көп балалы, жалғызілікті және мүгедек бала бағып отырған қырыққа жуық ана келіп, баспана мен жәрдемақы мәселесіне шағынды.

Аналардың айтуынша, биліктің баспана мәселесін шешу үшін ұсынған бағдарламалары тиімсіз. Олар үкіметтен үйді алғашқы жарнасыз, банк комиссиясынсыз беруді сұрайды. Баспана мен атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат дайындағандарын айтқан аналар кедергілер көптігін де айтты.

Жиналғандар өткен айда балаларға берілетін жәрдемақыны көбейту, әлеуметтік жеңілдіктер жасау сияқты ондаған талабын жазып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Маминге, парламент депутаттарына хат жолдаған. Әкімдікке жиналған аналар өздерінің хаты қайырылған билік өкілдеріне емес, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жеткеніне наразы.

Әкімдік алдына 10.30 шамасына жиналған аналарға қала әкімі де, орынбасарлары да шықпаған соң наразылар Астана экономикалық форумы өтіп жатқан Конгресс орталығына бет алды. Наразылар форумға бара жатқан соң әкімдік өкілі шығып, қала әкімі Бақыт Сұлтановтың орынбасарлары аналарды кездесуге шақырғанын айтты. Бірақ аналар «олардың ештеңе шешпейтінін» айтып, әкімдікке қайтуға келіскен жоқ.

БАҚ аналар бара жатқан жиынға — Астана экономикалық форумына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысатынын хабарлаған.

2018 жылы 4 ақпанда Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспан өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған. Осы оқиғадан кейін Қазақстанда көп балалы аналар наразылығы күшейген.

Azattyq