Он жылда Түркіменстаннан 1,9 миллион адам көшіп кеткен

0

Түркіменстаннан 2008-2018 жылдары 1 миллион 879 мың адам көшіп кеткен. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметіне құпия дереккөз хабарлады.

«Мемлекеттік статистика комитеті ұзақ жинаған жабық дерекке қарағанда, он жыл ішінде елден 1 миллион 879 мың 413 адам біржола көшіп кеткен не тұрақты жұмыс істеуге кетіп қалған. Жұмыс істеуге кеткендер елге қайтып жатқан жоқ. Елден шыққандар қатарына уақытша сапарлап кеткен адамдар кірмейді» дейді дереккөз.

Азаттыққа мұны түрлі мемлекеттік құрылымда жұмыс істейтін үш дереккөз растаған. Елде соңғы рет елде халық санағы 2012 жылы желтоқсанда өткен. Санақ қорытындысы жарияланған жоқ. Түркіменстан үкіметі елдегі халық саны мен көшіп кететіндерге қатысты ресми статистиканы жарияламайды.

Ашық деректерде Түркіменстандағы халық саны 5,5 миллион деп көрсетіледі. Алайда Азаттық сөйлескен дереккөздер шын мәнінде азаматтар саны 3,3 миллионнан аспайтынын айтады.

Түркіменстандықтар жиі баратын елдердің ресми деректеріне қарағанда, жыл сайын елге кіретін түркімендер саны артып келеді. Түркия үкіметінің дерегінше, 2019 жылы наурызда елге Түркіменстанның 23 мың азаматы кірген. Ресейдің көші-қон ведомствосы 2018 жылы Волгоград облысына көшіп келген Түркіменстан мигранттарының саны 81 пайызға өскенін хабарлады.

Түркіменстанды 2007 жылдан бері Гурбангулы Бердімұхамедов басқарады. Бұрын ол Түркіменстанның денсаулық сақтау министрі және осы елдің алғашқы президенті автократ Сапармұрат Ниязовтың жеке дәрігері болған. 2006 жылы Ниязов қайтыс болғаннан кейін өткен президент сайлауында, ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 80 пайыздан астамы Бердімұхамедовті қолдап дауыс берген. Содан бері ол тағы екі мәрте президент сайлауында жеңіске жеткен.

Бердімұхамедов билікке келгеннен кейін қабылданған Түркіменстанның жаңа Конституциясы бойынша, оның ел президенті болып сайлану құқығына шектеу қойылмаған. Түркіменстан билігін сынаушылар мен құқық қорғаушылар президент Гурбангулы Бердімұхамедов пен оның үкіметін оппоненттерін аяусыз жазалап, адам құқықтары мен бостандығын қатаң шектейді деп айыптайды.

Azattyq