«Он жыл бұрын да осы нөмірмен жүрген»: Журналист Асанәлі Әшімовтің сөзіне қарсы шықты

0

Күні кеше мемлекеттік нөмірі жоқ көлікпен жүрген Асанәлі Әшімов туралы қоғам пікірі екіге бөлінде. Желіде дау әлі басылар емес. Бірі аңыз адамды жақтаса, енді бірі даттап әлек. Журналист Қанат Әбілқайыр бұл туралы желіде жазба жариялады, деп жазады kznews.kz сайты stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Осыдан он шақты жыл бұрын Асанәлі ақсақалдың шопыры Шемякин мен Гастело көшелерінің қиылысында тұрды.

Әлгі шопырдың «Асанәлі» деген нөмірді шешіп, заңды нөмір таққанын көрген емеспін. Жалпы, жаппай қоғам наразылығы туып жатқанда «деректі фильм түсіріліп жатыр едік» деген секілді өтірік жалтаруды ойлап таппай-ақ, қателікті мойындай салуға болмай ма?

Абыз ақсақалдың елге еткен ұшан-теңіз еңбегін ешкім жоққа шығармайды. Сөйте тұра, Желтоқсан көтерілісінде жастарды қаралап қол қойғаны да ұмытыла қоймас. Яғни, болашақ ұрпақ Асанәлінің қоғам алдындағы шынайы образын ізгі істері мен қателіктерінің арасынан іздейтіні ақиқат. Өмірде кіршіксіз идеал адам болмайды. Оны да мойындау қиындық туғызбаса керек-ті.

Шынайы өмір деген қателесуден, сосын оны түзеуден тұрмай ма? Қандай адам болмасын, шалыс басады. Сондықтан да, әр сүрінген сайын ақтала беру тұлғаға тән қасиет емес деп ойлаймын!

Асанәлінің өнерін құрметтейтін қазақ нөмірге бола теріс айналмас. Тек Заңның алдында бәрімізді бірдей ететін қоғамның қалыптасып келе жатқанына қуанамын!

Ақсақалды табалауға хақым жоқ. Сөйтсе де, көзбен көргенді айту — парыз!», – деп жазды ол желіде.

Ал журналист Мәулен Әлғазы бұған қатысты өз ойын қосты.

«Біз Асанәлі ақсақалдың нөмірі мен көңіліне қарап, даттап-жақтап жатқанда жоғары жақ «Эврика-эврикалап1 осы идеяны іліп әкетсе, тамаша болар еді. Әлемнің бірнеше елінде нөмір орына есім-сой жазуға заңмен рұқсат берілген. Біз де осы тәжірибені қайталасақ қазына қарнын томпайтуға үлкен үлес қоспай ма!?Сәл ертерек қимылдасақ ақсақалды да ауыр әңгімеге қалдырмас едік.

«Жарты күн ғана деректі филім үшін тағыпты, жол-полдан рұқсат алыпты» деп енді ақтап жатқанда тағы жаман соққы тиді. Куәлардың айтуынша, ақсақал Алматыда біраз уақыттан бері осылай жүрген екен-мыс. Ақсақалымыз да шіміркпейді, жарты күн ғана тақтым деп жас балаша ақталып отыр эфирде.

Қарапайым халық екіге бөлініп алып қырылдық. Асанәлісүйер қауым оның «сіңірген еңбегін», көрген бейнетін алдыға салып «Тақсын!» деді. Заңсүйер қауым ережені жақтаймын деп ақсақалды даттаушы сүйкімсіз боп көрініп шыға келді.

Биліктің міндеті ел мүддесіне жұмыс жасау. Татулығын қамтамасыз ету. Енді ертеңгі ақсақалдарды да осылай табалатпайын, елді екіге жармайын десе тез арада заң қабылдап, енгізіп жіберсін. Қасқыр да тоқ, қой да аман болады. Нөмір үшін әкесінің құнын сұраса да беруге даяр «блатной» қазақ көп», – деді Мәулен Әлғазы.

Журналистің айтуынша, алдымен осы оқиғаға қатысты ескерту берген полицейдің ісі заңсыз. Бұндай жағдайда ескерту бермей басқа шара қолдануы тиіс.

«Заң демекші, Асанәлі ақсақалды ұстаған жол-пол қызметкерлері заңға сай қызмет қылса, Әкімшілік кодекстің 797-бабына сәйкес көлікті арнайы тұраққа әкетуге, сот арқылы 590-баптың 4-тармағына сәйкес 20 МРП (61 260 тг) айыппұл салуға немесе 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруға тиіс еді. Олай жасаған жоқ. Ескерту берілді деп мүләйімсіп тұр. Кодекстің бұл бабында ескерту берілмейді. Заңды Әшімовтен емес, осылардан бірінші талап ету керек еді. Ақсақалдың жеке басына әңгімем жоқ, «красавчик» кісі. Бірақ, біз көңілге емес, заңға қарауымыз керек. Қазақтың көңілшектігі қандай жақсы қасиет болса да, кейде керісінше. Сол көңілшектігімізден емес пе, тағы бір ақсақалдың ерен еңбегін елеп Конституцияға қосайықшы деп жатқанымыз?!», – деп жазды.

Бұған дейін Бибігүл Дәулетбекқызы аңыз адамды қараламай, қолдау білдірген жөн деген еді. Журналист халық әртісінің барлық құрметке лайықты екенін айтты.

Айта кетейік, біраз күн бұрын Асанәлі Әшімовтің көлігінің нөмірсіз жүргені талқыға түскен еді. Полиция бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.