ОҢ ӨЗГЕРІС КҮТІП ТҰР | «Айқын» газеті
Елбасының Жолдауын мұқият оқып шықтым. Жолдауда заманауи Қазақстан алдында тұрған мәселелер ғана емес, сонымен қатар оларды шешу жолдары да нақты көрсетілгенін атап өткім келеді.
Елімізде тәуелсіздік жылдарында ауыз толтырып айтарлықтай көп жұмыс атқарылды. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи мемлекет құрылып, бейбітшілік пен қоғамдық келісім қамтамасыз етілді. Сапалы әрі тарихи маңызы зор конституциялық және саяси реформалар жүргізілді. Қазақстанның халықаралық беделінің жоғарылауына, өңірдегі геосаяси рөлін арттыру үшін көп жұмыс істелді, нәтижеге қол жеткізілді. Бізді дүниежүзі өңірлік және жаһандық проблеманы шешу үстіндегі жауапты әрі қалаулы халықаралық әріптес ретінде таниды. Еуразия өңірінің қаржылық, іскерлік, инновациялық-мәдени орталығы және болашағымыздың межесі ретінде жаңа Астанамызды салдық. Елорда қуанышымыз бен мақтанышымызға айналды.
Стратегиялық мақсатымыз 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу екенін білеміз. 2014 жылы еліміздің инфрақұрылымын жаңартатын «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру басталды. Үш жыл бұрын «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жарияланды. Содан кейін еліміздің үшінші жаңғыруына кірістік.
Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды ары қарай жалғастыруымыз керек. Болашақта жаңа жобалар бойынша көптеген оң өзгерістер болатынына сеніміміз мол. Жаңа белестерге бастайтын жобаларды жүзеге асыруға қашанда дайынбыз.
Серік ӘЛІМБАЕВ,
«Қаратал» ауданы бастауыш партия ұйымының төрағасы,
Алматы облысы
Дереккөз: Айқын