Он данасы 500 тг тұрады. Қазақстанда жұмыртқа күрт қымбаттады

0

Қазақстанның бірнеше өңірінде жұмыртқа бағасы екі есе қымбаттады. Тіпті, кейбір өңірлерде жоқ, деп хабарлайды «Астана» арнасы.

Аталған арна мәліметінше, жұмыртқа бағасының қымбаттауына құс тұмауы себепші болған. Ал шенеуніктер бағаны бақылауда ұстай алмай отыр. Жаңа жылдың басында халық 10 дана жұмыртқаны 500 теңгеге алуға мәжбүр.

Ақтаудың бірнеше супермаркетінде бір адам тек 10 жұмыртқа ала алады деген шектеу қойған.

«Жұмыртқаны алғымыз келсе де, алғымыз келмесе де, алуға мәжбүрміз. Әсіресе Жаңа жылға торт пісіріп, салат жасаймыз дегендей. Меніңше, бұл сауданы жүргізудің бір амалы сияқты. Жаңа жыл алдында 50 жұмыртқа алатын ба едік? Қазір 10-20 жұмыртқа ғана алдық», — дейді Ақтау тұрғыны Алина Донскова.

Кейбір сауда нүктелерінде қажетті өнім тапшы. Солтүстік өңірдегі Якорь құс фабрикасында дәл қазір жұмыртқа шығарып жатқан жоқ. Десе де тапшылықты болдырмау үшін көрші өңірлерден сатып алуға мәжбүр болып отыр.

Жергілікті шенеуніктер бес құс фабрикасының тек біреуі жұмыс істеп тұрғанын айтады. Кәсіпкерлер де күнкөріс амалын жасап отырғандықтан, нарық бағасын бақылауда ұстау мүмкін емес екенін алға тартты.