Өмірзақ Шөкеев кейбір азаматтар арандатушылық жасағысы келетінін айтты
Түркістан облысының әкімі бір айдың ішінде Арыс қаласы апатқа дейінгі жағдайдан да жақсы болатынына сендірді
НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының тұрғындарына үндеу жолдап, арандатушылыққа бой бермеу керектігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Құрметті арыстықтар, бұл өте үлкен апат болды. Біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған апатты жағдай. 45 мың халықты бар бір қаланы эвакуациялауға мәжбүр болдық. Халық өте үлкен шыдамдылық пен ұйымшылдық танытты. Бәрі бір кісідей қиын жағдайдан шығудың үлгісін көрсетіп жатыр. Мен өзім халыққа үлкен алғысымды айтамын», — деді Шөкеев арнайы баспасөз мәслихатында.
Әкім барлық ұйымдар мен кәсіпкерлердің жабылып, көмек көрсетіп жатқанына да тоқталды. Осылайша, барлығы сын сағатта елдігін және бірлігін көрсете білді.
«Кейбір азаматтар осыны пайдаланып, арандатушылық жасағысы келеді. Оған жол бермеу керек. Неше түрлі қисынсыз талаптар қояды. Олар біз Арысқа бармаймыз, бізге басқа жерден үй салып беріңіз дейді. Бұл – қисынсыз талап. Оған ешкім ешқашан бармайды», — деді Шөкеев.
Облыс басшысы шыдамдылық танытуға шақырды. Бір айдың ішінде Арыс қаласы апатқа дейінгі жағдайдан да жақсы болатынына сендірді.
Тағы оқыңыз: Бердібек Сапарбаев арыстықтармен кездесті
«Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Арыстың тұрған жері керемет. Тоғыз жолдың торабы. Қазір сауда жүріп жатыр. Қытай мен Еуропаның тура ортасында тұрған қала. Ол жерде логистикалық орталықтар көбейіп, сауда қыза түседі деп ойлаймын. Негізі, әскери база кетсе, Арыстың келешегі өте зор. Сондықтан мен Арыс қаласының барлық тұрғындарын ауызбіршілікке шақырамын. Қаланы бірге қалпына келтірейік», — деді облыс әкімі.
Арыстағы төтенше жағдай
24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Төтенше оқиға салдарынан үш адам көз жұмып, 160-тан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Жарылыстан соң Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.
sputniknews.kz