Өмірінде шашын қимаған 87 жастағы әжейдің бұрымының ұзындығы екі метрге жуықтады
Ғұмырында шашын қиып көрмеген 87 жастағы Нұршаруан Түстікбаева Талдықорған қаласында тұрады. Әжейдің бұрымының ұзындығы 2 метрге жуық, деп жазады kznews.kz сайты dauletten.kz Instagram парақшасына сілтеме жасап.
Кейіпкеріміздің айтуынша, шашы ұзын қыз-келіншектердің бойында жұмсақтық, мейірім, байыптылық, кешірім сияқты қасиеттер болады.
«Ғалымдар қазір ұзын шаштың қасиеті туралы айта бастады. Ал біздің ата-бабамыз оны баяғыда зерттеп, дәлелдеп қойған. Қыздарының шашын қимаған, бұрымдыларды ерекше құрмет тұтқан. Бұрын қазақ қыздары белінен асқан шашты кесуді жаман ырым санаған. Себебі, ұзын шашты орынсыз кесу адамның жолын кесіп, қасіретке ұшыратуы мүмкін. Ең алдымен, ұзын шаш — әйел көркі. Сондай-ақ шашы ұзын қыз-келіншектердің мінезі жұмсақ, мейрімді, жанашыр, сабырлы болады»,- дейді Нұршаруан Түстікбаева.
Бір әулеттің берекесі мен ұйытқысына айналған кейуананың бүгінде 29 немере, 41 шөбересі бар. Көбі — қыз балалар.