ӨМІРДІҢ ЕҢ ҮЛКЕН «ТАУАРЫ» | «Айқын» газеті

0

Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына қолайлы болу үшін кезекті тиімді қадамдарға барып отыр. Жақында Алматыда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің екі бірдей кеңес беру орталығы ашылды. Банкті халыққа тағы да жақындата түскен кеңес беру орталықтары Алмалы ауданындағы Сейфуллин даңғылы 458/1 мекен­жайын­дағы «Майсат» бизнес-орталығында және Әуезов ауданындағы «Спутник» сауда орталығында орналасты.

Жұма күні жаңа орталықтың «Спут­ник­те» салтанатты түрде тұсау кесуі тұр­ғындар үшін тосынсыйға толы болды. Сауда ор­талығына балаларын қыдыртып, сауда жа­сауға келген алматылықтар банк ұйым­дастырған қуанышты оқиғаларға ортақ­тасты. Ендігі жерде Тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкі клиенттері алысқа бармай-ақ, іргесіндегі кеңес беру орта­лы­ғынан барлық қызмет түрін толық ала алады. Орталықта­­ғы банк қызметкер­лерімен кеңесе оты­рып, салымшы да болады. Баспана қай кезде де басты мәселе ескерсек, өмірдің ең үлкен «тауарын» осылайша табуға болады.
Пәтерлерге дәл осы жерде барынша тиімді жолдармен, ең арзан 5 пайыздық үстемемен қалай қол жеткізуге болатыны туралы баяндаған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов:
– Қазақстандықтар арасында бас­панаға деп ақша жинауда алматылықтар үлкен белсенділік танытып отыр. Қаланың әрбір 10-тұрғынында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі шоты бар. Алматы бойынша барлығы 170 000 депозит тіркелген. Ал 25 мың адам біздің банк арқылы баспана алды. Клиенттер қатары күн сайын артып келеді. Олардың көпшілігі уақыт үнемдеу үшін банк бөлімшелеріне емес, осындай кеңес беру орталықтарына келеді. Мұнда банк өнімдері туралы толық ақпарат алып, бірден депозит ашуға болады. Бұл уақытты дұрыс жоспарлауда айтарлықтай көмек­теседі, – деді.
Бұл күні кеңес беру орталықтарда бірінші болып банктен жинақ шот ашқан­дарды түрлі сый күтіп тұрды. Біріншіден, қызметтердің бәрі тегін жүргізілді. Сауда орталығына келгендер арасында сұрақ түріндегі ойындар ұйымдастырылып, сый­лықтар таратылды. Сондай-ақ танымал әнші Абай Бегей айтулы сәтке ортақтасып, салтанатты оқиғаның сәнін кіргізді.
Ең қызығы эстрада жұлдызы да осы банктің салымшысы болып шықты.
– Әрине, мен баспанасыз емеспін. Бірақ балалар өсіп келеді. Жарты жыл бұрын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жинақ шотын аштым. Шамамызға қарай ай сайын шотты толықтырып отырмыз. Балаларым өсем дегенше пәтерлері де да­йын болады. Бұл ата-ананың балаларының алдындағы басты парызы, ең үлкен сыйы деп ойлаймын, – деді әнші.
Сол сияқты салтанатты оқиғада банк­тегі жинақтары арқылы айналасы 2-3 жыл­­да Мамыр, Саялы ықшамау­данда­рынан пәтерлі болған Қарлығаш, Зейнеп атты тұрғындар өздерінің қоныстойға қалай жеткендерін баяндады.
Осы арада Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеке кеңесшілер желісі бар Қа­­зақстандағы жалғыз банк екендігін атап өткен жөн. Жалпы алғанда, бұл желіге банктің штаттан тыс 1 100 қызметкері кі­реді. Оның 137-сі Алматыда жұмыс істей­ді. Бұл ке­ңесшілер тек Кеңес беру орта­лық­тарында ғана депозит ашпайды. Олар­­ды үйге немесе жұмысқа да шақыруға болады.
Банк агенттерінің қызметіне жүгінген клиенттер автоматты түрде жеке қаржы кеңесшісіне ие болады. Ол ақшаны тиімді жолмен жинауға және баспаналы болуға көмектесе алады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі штат­тан тыс өкілдерінің бұл қызметі халық арасында кең танымал. 2018 жылдың
11 айы ішінде кеңесшілер 235 мыңнан астам жаңа депозит ашқан. Ал жалпы банк клиенттерінің ашқан салымдар саны
347 574 келісімшартты құрайды. Ал Алматыда жаңадан ашылған қос бірдей орталық та алдағы күндері талайларды қоныс тойына жеткізуге септесері сөзсіз.

Айхан ШӘРІП

Дереккөз: Айқын