өмірбаяны, саяси қызметі, отбасы, естеліктері, қызықты деректер

0

Қазақ халқы мен барша түркі жұртының тәуелсіздігін аңсаған күрескер туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Бала Мұстафа

Мұстафа Шоқай 1890 жылы 25 желтоқсанда Сыр бойындағы Наршоқы деген жерде дүниеге келді. Отбасында бес ағайынды еді.

Бала кезінен оқу-білімге құштар болды. Мұстафаның сауат ашуына үйде сақталған ескі қолжазбалар түрткі болыпты. Атасы Торғай датқа Сырдария болысын басқарған кезде, кітап жинауды әдет еткен. Әкесі Шоқай болса, өз ортасына сыйлы, қара қылды қақ жаратын би болған. Бес баласын бірдей оқытса да, ерекше ұғымтал, зерек Мұстафаның орысша білім алуын қалап, Перовскідегі орыс мектебіне жібереді. Кейін Мұстафа Шоқай Ташкенттегі ерлер гимназиясына оқуға қабылданады. Аз уақыттың ішінде қатарластарынан оқ бойы озып шығады.

Осыдан кейін Санкт-Петербургтегі императорлық университетке заңгерлерді даярлайтын факультетке түседі. Бұл сол замандағы ең үздік оқу орындарының бірі болатын. Бірнеше тілді жетік меңгереді.

Мұстафа Шоқай саясатқа қалай келді?

Мұстафа Шоқай саясатқа Санкт-Петербург университетінде оқып жүрген кезде араласа бастады. Университет қабырғасында жүріп, Шоқай баспасөз бетінде патша өкіметінің ислам діні жөніндегі саясатына қарсы үндеу жариялайды. Бұл үндеуге қазақ, башқұрт, татар және өзбек студенттері қол қойған.

Тағы оқыңыз: Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер

Петерборда Мұстафа Шоқай ұлттық мұсылман қозғалысының өкілдерімен танысады. Мұстафаның үлкен саясатқа араласуына ықпал еткен бірден бір адам Әлихан Бөкейханов еді. Бөкейхановты Шоқайдың саяси ұстазы деуге де болады. Ол Мұстафаның бойындағы қажыр-қайраты мен ұлтжандылығын байқап, жас Шоқайды сол кезде Петербордағы саясаткерлермен, қоғам қайраткерлерімен, мемлекеттік Дума депутаттарымен, оқымысты ғалымдармен және жазушылармен таныстырды.

Мұстафаны Ресей мемлекеттік думасы мұсылман фракциясының хатшылығына ұсынған да Әлихан болатын.

1917 жылғы революция нәтижесінде патша өкіметінің құлауы Мұстафа Шоқай үшін үлкен қуаныш еді. Ол түркі халықтары сол төңкеріс кезінде Ресей бодандығынан құтылып, автономия алады деп үміттенді. Алайда 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ташкенттегі жұмысшы және солдат депутаттары кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартты. Сөйтіп, өлкедегі барлық билік еуропалық нәсілділерден құралған Түркістан халық комиссарлары кеңесіне көшеді деген қаулы қабылдады. Мұстафа Шоқай мұны барып тұрған әділетсіздік деп бағалады.

Түркістан үшін от кешкен күрескер

Осыдан кейін Мұстафа Шоқай бастаған мұсылмандар қозғалысының өкілдері шұғыл жиналып, төтенше съезд өткізді. Съезд шешімімен құрылған Түркістан-Қоқан автономиясының 54 адамнан тұратын уақытша халық кеңесінің құрамына сайланды. Уақытша үкіметтің сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкіметтің төрағасы Мұхамеджан Тынышпаев қызметінен кеткеннен кейін, оның орнына Шоқай сайланды. Мұстафа Шоқай автономияны сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті. Бірақ, өкінішке қарай автономияның ғұмыры ұзаққа созылмады.

Мұстафа Шоқай Қоқанда алғашқы парламенттік сайлауын өткізгісі келген. Бірақ, қолдаушылары аз болып, бұл ойы іске аспай қалды.

1918 жылдың ақпанында Кеңес үкіметінің әскери жасағы Түркістан автономиясын күшпен таратты. Үш күннің ішінде көне қаланың күлі көкке ұшты. Большевиктердің осы қатыгездігіне қарсы «басмашылар» аталып кеткен ұлт-азаттық партизан қозғалысы құрылды. Кеңес өкіметі басмашыларды тек отызыншы жылдары ғана біржолата құртады. Ал Мұстафа Шоқай осы кезде Ташкентке қашып, аман қалды.

Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы өмірі

Түркістан автономиясы құлағаннан кейін, Шоқайды ұстау үшін Кеңес өкіметі оның басына бір миллион рубль тігеді. Мұстафа қашып жүріп, Ташкентке барады. Одан кейін Бакуге, кейін Тбилисиге келеді. Тбилиси кеңес үкіметінің қолына өткен соң, Түркияға барып бас сауғалайды. Бірақ түрік елінде тұрақтап қала алмайды. Ақыры Франция астанасы Парижден бір-ақ шығады.

Мұстафа Шоқай 21 жыл бойы Еуропада эмиграцияда жүреді. Жан-тәнімен жақсы көретін туған елін тастап кету қайраткерге оңай соқпағаны анық. Елінен жырақта жүрсе де, қазақтың бостандығы үшін күресіп өткен. Еуропада жүріп, бүкіл әлем назарын Түркістан проблемасына аударды. Туған елі мен Түркістандағы жақтастарымен байланысын үзбей, үнемі хат алысып тұрды.

Публицистік қырынан танылды. Өз күшімен шетелде «Яш Түркістан» журналын шығарды. Түрлі басылымдарда саяси мақалалары басылды. Германия, Англия, Франция секілді ірі елдердің саяси мінберінен сөз сөйлеп, түркі халқының кеңестік кертартпа саясаттан кесапат көріп отырғанын ашына айтты. Мұстафаның қайраткерлік абырой-атағы мұхит асып, тіпті АҚШ-қа жетті. Америкалықтар да оны бірнеше рет шақырып, саяси алаң ұсынған. Алайда оның ақшасы болмай, Америкаға жолы түспеді.

Тағы оқыңыз: Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті

1925 жылы Парижде өткен «ЭКСПО» көрмесі кезінде Мұстафа Шоқай Әміре Қашаубаевпен кездеседі. Осы сапардан кейін НКВД қызметкерлері талантты әншінің қыр соңына түсіп, сұрақтың астына алады. Осылайша басталған тергеу ақыры тоғыз жылға созылған.

Бүгінде Мұстафа Шоқайдың еңбектерінің біразы Франциядағы кітапханада сақтаулы. Шоқайдың еңбектерін зерттеуге қазақстандық ғалымдар ғана емес, шетелдіктер де көп келетін көрінеді.

Шоқайдың Сталин мен Гитлер жайлы ойлары

Екінші жүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін, соғыс қаупі Францияға да төнді. Нацистік қауіп-қатерді байқаған Париждегі эмигранттар бас сауғалап, АҚШ-қа қаша бастады. Олар Мұстафа Шоқайға да бірге кетуді ұсынды. Алайда ұлы күрескер ешуақытта Франциядан кетуді ойламаған. Себебі қиын-қыстау кезеңде өзін құшақ жая қарсы алған Францияны екінші Отаны санаған еді. Сөйтіп ол Парижде қалады.

Көп ұзамай Парижді де соғыс оты шарпыды. Бір жыл өткеннен кейін, нацистер Кеңес одағына соғыс жариялаған күні Шоқайды үйінен тұтқындап алып кетті. Лагерьге қамады. Шоқай лагерьде Түркістан туралы бір баяндама жасады. Немістер Шоқайдың түркістандықтарға қарата жасаған баяндамасын радио арқылы таратты.

Мұстафа Шоқай концлагерьдегі тұтқындардың адам төзгісіз ауыр хәлін көріп келгеннен кейін, «Гитлер мен Сталиннің кемшілігі көп, олар шын мәнінде залымдар. Мен олардың қайсысы күштірек екен деп ойламаймын. Шындығында, олардың саясат пен зұлымдыққа дәрежелері бірдей» деп жазды.

Тағы оқыңыз: «Бұл не деген масқара!»: Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер

Кейін неміс армиясының группенфюреріне жазған хатында: «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сынды ұлыларды тәрбиелеген ұлттың тұтқындарға жасап отырған зұлымдығын көре отыра, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсыныстан және сіздермен әрі қарай жұмыс істеуден бас тартамын» деп кесіп айтты.

Мұстафа Шоқайдың отбасы

Мұстафа Шоқай Қоқан қырғынынан кейін, Ташкентке қашып келген кезде, болашақ жары Мария Горина оған араша түседі. Бір-екі рет өз басын қауіпке тігіп, Мұстафаның аман қалуына себепкер болады. Осыдан кейін екеуінің арасындағы сыйластық махаббатқа ұласады. Мария Горина бұрын тұрмыста болған әйел.

Опера әншісі Мария Горина Мұстафаға адал жар, өмірлік серік бола білді. Горинаның арқасында қайраткердің барлық мұрасы бүгінгі ұрпаққа жетті.

Жұмбақ өлім

Мұстафа Шоқай 1941 жылы Берлиндегі Виктория ауруханасына ауыр хәлде жеткізілді. Сол жылдың 27 желтоқсанында ешкімге түсініксіз, жұмбақ жағдайда көз жұмды.

Дәрігерлер жасаған медициналық сараптама бойынша Шоқай қандағы бөртпе сүзегінің асқынуынан қайтыс болған. Бұл сырқатты Мұстафа концлагерьлерді аралап жүріп жұқтыруы мүмкін деп болжаған. Бірақ қайраткердің жары Мария күйеуінің бұл дертпен Түркістанда жүріп ауырып жазылғанын, оған қарсы тұратын күш-қуаты бар еді дегенді айтады.

Мұстафа Шоқай Берлиндегі түріктердің зиратында жерленген.

Мұстафа Шоқай деген еді…

  • Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс бередi.
  • Ұлттық рухтың негiзi – ұлттық тiл.
  • Бiз құл болып тұра алмаймыз. Бiз ұлт азаттығымызды аламыз.
  • Ағалар, қыпшақ деген ұлт болмайды, қазақ деген ұлт бар. Егер әрқайсымыз бөлiнiп, қыпшақтың көсемi, арғынның көсемi, үйсiннiң көсемi болып жатсақ, бiздiң халық азады.
  • Төлқұжат деген нәрсе «ұлт» бермейдi, оның «ұлтын» өзгерте алмайды. Төлқұжат деген нәрсе сол төлқұжат иесiнiң оны берушi үкiметке тәуелдi екенiн ғана куәландырады.
  • Ылғи да Отаныма қайту ойында жүремiн және соған жету үшiн тырысамын. Демек, атамекенiмдi құтқару үшiн күресемiн.
  • Қазақпын деп мақтануды ар көретiн, қазақтың тiлiнде сөйлеудi масқаралық көретiн салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбi не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бiрдеме болып өсiп жатқанын неге көрмейсiңдер?
  • Өзiнiң iшкi бiрлiгiн нығайта алған халықтар ғана тәуелсiздiгiне қол жеткiзе алады және оны қорғап қала алады.
  • Жалпы адамгершiлiк және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ, болмайды да.
  • Тарих рақымсыз. Ол – ғұламаны да, бiлгiрдi де, өнер иесiн де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердiң бәрiн езiп-жаншып жүре бередi. Тарих заңдары керi қайтуды бiлмейдi және оны жаратпайды.
  • Атамекендi сүю – оның тұтас мүддесiне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жанпида қылуға дайын тұру болып табылады.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз