Омбының орыстары қазаққа қатты ұқсайды

0

Шымкент еліміздің үшінші мегаполисі деп жарияланғалы бері келушілер көбейді. Олардың арасында қымбат көліктерді көлденең қойып күтіп алатындары да бар. Қазақтың қонақжайлылығын білдіріп, ұшақтан түсе сала дастарханға қарай сүйрей жөнелетіндері де табылады. «Қазір келіп қалады» деп, жұмыс жағдайында жұмсақ орындық ұсынуды жөн көретіндері де көбейіп келеді.

Жақында Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінен педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.А. Петрусевич деген мүйізі қарағайдай ғалым келді. Омбы мен Шымкенттің арасындағы байланыстың жақсарғаны сондай, Петрусевичке Шымкенттегі Әлия Өтебаева деген ғалым келіншек қоңырау соғыпты. «Студенттерімізге лекция оқып қайтыңыз» депті. Профессор сонау Омбыдан қонаққа шақырылған қазақ сияқты уақытын сұрап алыпты да, жетіп келіпті.
Әлия – Шымкенттегі Халықаралақ гуманитарлық-техникалық университетіндегі падагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты.
Профессор Петрусевич келді де әй-шай жоқ жұмысқа кірісті. Оқушылар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жаңғырту мәселесіне арналған халықаралық семинарға кірісіп  кетті. Одан соң «Ұлы жібек жолы» халықаралық  шығармашылық байқауына қатысты, оқушылар мен студенттердің өнерлерін тамашалады. Омбыдан келген профессор немересі мектептен «бес» алып келсе баладай қуанатын қазақ сияқты, «балаларыңыз талантты» деп, екі езуі екі құлағына жеткенше мәз болып отырды.
Солтүсіктен келген қонақ Шымкенттегі бірде-бір басшының қабылдауына асыққан жоқ. Уақыт жоғалтпады. Халықаралақ гуманитарлық-техникалық университеттің ректоры Е.Қыстаубаевпен де, проректор А. Жылысбаевамен де  ғылыми-әдістемелік семинарда кездесті. Қазақтар сияқты төс қағыстырып амандасты.
Петрусевич Абайды оқыған ғалым сияқты.
– Сіз қазаққа қатты ұқсайды екенсіз, – дедік профессорға.
– Әрине ұқсаймын. Мен қазақтың күйеу баласымын. Омбыда жекжаттарыңыз көп, – деді күлімдеді.
Бұл әңгімені жалғастыруды келесі кездесулердің үлесіне қалдырдық.
Үшінші мегаполистегі барыс-келістердің түр-тұрпаты  іскерлік  бағытқа қарай бұрылып, осылай өзгеріп жатыр.

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,
Шымкент қаласы.

Дереккөз: Айқын