Омбыда Ресей қазақтарының кіші құрылтайы өтіп жатыр
2018 жылғы 8 желтоқсан 15:34 72
АСТАНА. ҚазАқпарат — Биыл Ресей қазақтарының кіші құрылтайы Омбы қаласының төрінде өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар-24-ке сілтеме жасап.
Алқалы жиында Елбасының биылғы жолдауы, көрші мемлекеттегі бауырларымызға мәдени-рухани жәрдем беру, оқу білім жағынан қолдау көрсету сынды мәселелер қаралды. Ресейдің Омбы облысы — қазақтардың көптеп қоныстанған өңірлерінің бірі. Оның үстіне Қазақстанмен шекаралас аймақта орналасқан. Яғни, «ауылы аралас, қойы қоралас». Жалпы, Ресей қазақтарының кіші құрылтайы бұдан былай жыл сайын ұйымдастырылып тұратын болады. Ал соңғысы осыдан үш жыл бұрын Саратов қаласында өткен еді. Ал бүгінгі жиынға Ресейдің 25 өңірі мен Қазақстанның бірнеше облыстарынан делегаттар қатысып, аса маңызды деген мәселелерді талқылап жатыр. Болашақта енді зерттеу жұмыстарымен айналысуға ден қойылмақ.
Батырхан Жұмабаев, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары: — Алға қойған мақсат — 2019-2021 жылдары елімізден тыс, сыртта жатқан тарихи тұлғаларымызға байланысты қасиетті орындарды дәріптеу, зерттеу. Атап айтатын болсам, енді бәріміз білетін Астраханьда атақты күй атасы Құрманғазымыз бар. Жақында ғана Ялтада Байдолла Бөкеев деген Жәңгірханның баласы бар. Ол тұңғыш генарал болған. Түмен облысында Ишим қаласында Баубек батырымыз бар. Соның барлығын толыққанды зерттеуге осы қауымдастық себепкер болып және осындағы Ресейдегі қазақтар өз көмегін тигізсе екен деп келіп отырмыз»,- дейді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Батырхан Жұмабаев.
Бүгінде Омбы облысы — қазақилықтың қаймағы бұзылмаған өңір. Қазір мұнда 100 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Әдет-ғұрпымыз бен мәдениетімізді сақтап қалуға барлық жағдай жасалған. Тіпті ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін бірнеше орталық та бар. Ал мұндағы мектептерде қазақ тілі пәні шеті тілі ретінде оқытыла бастаған.
Айта кетсек, аталған шараны өткізуге «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мұрындық болып отыр.