Омбудсмен ЕҚЫҰ өкілімен Қазақстандағы адам құқықтары мәселесін талқылады

0

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы сайлауды бақылау миссиясының басшысы Уршула Гацекпен кездесіп, адам құқықтарын, соның ішінде азаматтардың сайлау құқығын, сөз бостандығы және бейбіт митинг өткізу құқығын талқылады.

Шәкіров ЕҚЫҰ өкіліне Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалымен таныстырып, БҰҰ-ның Қазақстан билігіне айтқан ұсыныстарының қалай орындалып жатқанын айтты.

Хабарламада екі тарап нақты қандай мәселелерді талқылағаны ашық айтылмайды.

Өткен аптаның соңында ЕҚЫҰ миссиясы өз есебінде «Қазақстан билігі сайлау ережесін бұзу фактісі бойынша кем дегенде 22 істі тексеріп жатқанын» хабарлады.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Өткен аптада Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Жамбыл Ахметбеков — «Қазақстан комунистік халық партиясы»,
  • Дания Еспаева — «Ақ жол» партиясы,
  • Әміржан Қосанов — «Ұлт тағдыры» қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков — «Ауыл» партиясы,
  • Амангелді Таспихов — Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев — «Нұр Отан» партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел — «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы.

Azattyq