Домой Жаңалықтар Омбудсмен Арон Атабектің денсаулығына байланысты сұраққа жауап берді

Омбудсмен Арон Атабектің денсаулығына байланысты сұраққа жауап берді

0
677

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова жуырда түрмеден босап шыққан диссидент ақын Арон Атабектің денсаулығына байланысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды kznews.kz сайты Азаттыққа сілтеме жасап.

Сәрсенбі күні мәжіліс отырысынан кейін журналист Махамбет Әбжан оған «Арон Атабектің денсаулығы мен жағдайы туралы хабарға неге реакция білдірмедіңіз? Қазір оның реанимацияда жатқанына, сондай жағдайға түскеніне өзіңізді кінәлімін деп сезінесіз бе?» деп сұрақ қойды.

«Біріншіден, реакция білдірмеді деген тұжырымды өзіңіз жасап отырсыз. Әуелі бізден не істедіңіздер деп сұраңыз. Қазір көріп отырған нәтиже сол ортақ жұмыстың нәтижесі» деді Эльвира Әзімова. Бірақ оның нені «нәтиже» деп меңзегені түсініксіз күйде қалды.

«Оның [Арон Атабектің] реанимацияда жатқанын білмеймін. Бірақ бейресми ақпарат көздерінен естігенмін. Сол себепті нақты тұжырымдай алмаймын. Себебі дәрігер құпиясы деген ұғым бар. Бірақ қалай болғанда да оның босатылуы денсаулығына байланысты болған» деді Эльвира Әзімова.

Оған «митинг кезінде азаматтардың ұсталуына, кеттлингке алынуына, айыппұл салынуына неге реакция білдірмейсіз?» деген сұрақ қойылды.

«Біріншіден, айыппұл тағайындау туралы шешімді сот шығарған, сол себепті заңда белгіленген тәртіпте оларға шағым түсіру керек» деді. Оның айтуынша, қазіргі заңнама бойынша «уәкілдің құқық қорғау органдарының жұмысына баға беруіне құқығы жоқ».

Бұған дейін уәкіл елде полицияның бейбіт митингіге шыққан белсенділерді кеттлингке алып, қозғалысына кедергі келтіруі жиілеген шақтааталған әдісті «қауіпсіздік үшін жасалатын шара» деп атап, полицияның әрекетін жақтаған. Оны жергілікті құқық қорғаушылар сынаған.

Эльвира Әзімова сәрсенбі күні бірінші оқылымда мақұлданған Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасы қабылданғаннан кейін процестерге «белсендірек қатысуымыз керек» деді.

Сәрсенбі күні парламенттің төменгі палатасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілетін кеңейтетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Құжат қабылданса, омбудсмен елдегі адам құқығының бұзылуына қатысты мемлекеттік органдарға жоғары лауазымды тұлғаларға тікелей ұсыныс жасай алады, сотқа шағым түсіре алады. Одан бөлек, әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғау туралы бастама көтере алады.