Олжас Сүлейменов Малика Мұхитованы кешірді
Жазушы Олжас Сүлейменов Малика Мұхитованы кешірді әрі Астана сотынан бойжеткеннің бостандығын шектемеуді сұрады.
Малика Мұхитова Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір Сүлейменов қайтыс болған жол апатына кінәлі деп айыпталып, 2 жылға бас бостандығынан айырылған.
«Ескендір Сүлейменовтің қайтыс болғанына 6 ай өтті. Алайда туғандарының жарасы ешқашан жазылмайды. Немерем мотоциклдің жолын бөгеген олақ жүргізушінің кесірінен қаза тапты. Бірнеше айға созылған тергеу осы фактіні нақтылап келді. Аудандық сот тергеу қорытындысына сәйкес шешім шығарды.
2018 жылдың 26 желтоқсанында істі Астана қалалық соты қарайтын болады. Сүлейменовтер отбасының үлкені ретінде Жоғары сотқа кінәлінің бостандығын шектемей-ақ жазалауын сұраймын. Жасы 30-да. Тұрмыс құрып, ана атансын. Сол кезде Малика Мұхитова біздің қандай сезімде екенімізді түсінетін болар», — деп жазды өз хатында Олжас Сүлейменов.
Айтуынша, қыздың өмірін тас талқан еткеннен Ескендір қайтып келмейді.
Еске сала кетсек, белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің немересі 27 жастағы Ескендір Сүлейменов Астанада жол апатынан көз жұмған еді. Жол апаты Мәңгілік ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында болған. Жас жігіт мотоцикл жүргізіп келе жатқан. Ескендір Сүлейменовті Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтің қызы Малика Мұхитова қағып кеткен. 29 жастағы Малика Мұхитова сот отырысында марқұмның ата-анасынан жылап кешірім сұрады. Өзінің кінәсін толығымен мойындап, зардап шеккен тарапқа материалдық шығынды төлеуге дайын екенін мәлімдеді.
24 қазанда өткен сот отырысында зардап шеккен тарап сотталушыдан 14 миллион теңге мөлшерінде материалдық шығын өндіруді талап еткен еді. Алайда кейін марқұмның отбасы ол талап-арызды қайтарып алды.
9 қарашада өткен жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Әлішер Бараев айыпталушы Малика Мұхитованы екі жылға бас бостандығынан айыруды және үш жыл көлік жүргізуге тыйым салуды сұраған еді.
Марқұмның ата-анасы қазақстандықтарға үндеу жасап, сотталушының шын өкінгеніне сенбейтінін айтты.