Олимпиаданың ашылуына 6 сағат қалды. Трансляция мәселесі әлі шешілмеген

0

Елімізде Токиодағы Олимпиада ойындарының телетрансляциясы мәселесі әлі шешілмеген, деп хабарлайды ЭК.

Бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17:00 Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты басталады. Алайда Қазақстанда әзірге бірде-бір арна көрсету-көрсетпеуін ресми хабарлаған жоқ.

Бұған дейін кейбір отандық БАҚ өкілдері елімізде екі телеарнаның келіссөзге қол жеткізгенін хабарлаған еді. Бірақ Qazsport арнасының директоры Нағи Бақытбеков әзірге нақты шешім жоқ деп отыр.

Келіссөз әлі жүргізіліп жатыр. Нақты бір шешім болған жағдайда телеарнаның әлеуметтік желілерінен хабар береміз,

— дейді арна директоры.

Құрамына Qazsport телеарнасы кіретін Qazaqstan телерадио кешенінің баспасөз хатшысы Айдын Дүйсенбайқызы да жақын арада жаңалық болып қалуы тиіс екенін, соны ресми түрде жариялайтынын айтып отыр.

Сол секілді трансляцияны көрсетуге құлықты тағы бір арна — «Хабардың» спорттық продюссері Асхат Жақаев та ресми түрде келісімшартқа қол қойылмағанын жеткізді.

«Жан-жақтан хабарласып, телетрансляция туралы бәрі сұрап жатыр. Біз бірақ әлі де ресми жауапты күтіп отырмых. Қазіргі уақытта (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 11:00) келісімшартқа қол қойылған жоқ. Өз атымнан айтарым, Олимпиаданың басталғанын ерекше қобалжып күтіп отырмыз. Уақыт жақындаған сайын қобалжу екі есе болады… Әрине, жағымды жаңалық болады деп үміттенеміз», — дейді Асхат Жақаев.

Кеше Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» сұхбатында көрсетілім құқығын сатып алу мүмкіндігі әлі бар екенін жеткізген еді.

«Мүмкіндік әлі де бар деп ойлаймын. кімет азаматтарымыздың өз спортшыларына тікелей эфирде жанкүйер болуы үшін бәрін жасайды. Бір ғана проблема бар және ол тек бағаға байланысты. Бүгінге дейін бізге тым қымбат баға ұсынылған болатын. Оның үстіне бұл жағдай жылдан-жылға қайталанып отыр. Қазақстанға кейбір көрші елдерге қарағанда ондаған есе қымбат баға ұсынылып келді. Мұны еліміздің экономикалық даму деңгейімен байланыстырады«, — дейді Абаев.

Абевтың айтуынша, мұндағы жалғыз себеп — салық төлеушілердің ақшасын үнемдеп қалу ғана. Ол коммерциялық құпияға байланысты әзірге бағаны атай алмайтынын айтып отыр. Бірақ ол бастапқы айтылған тарифке қарағанда түсіп келе жатыр екен.

Үш арнаның да бүгінгі тв-бағдарламасында Олимпиаданың ашылу салтанаты көрсетілетіні туралы ештеңе жоқ. Олар — Qazaqstan, Qazsport және «Хабар».

Бізбен көрші елдерден Түркіменстаннан басқасында Олимпиада ойындары тікелей эфирден көрсетіліп келеді.