«Өлімінің себебін жасырғысы келетін сияқты»: Алматыда 6 жасар қыз жұмбақ жағдайда көз жұмды — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда 6 жасар қыз жұмбақ жағдайда көз жұмды. Қалалық полиция департаменті оның өліміне қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Қайтыс болған қыздың әкесі Александр Пылаев Facebook желісінде оқиғаның мән-жайын айтып берді. Оның сөзінше, қызы Елизавета Пылаева 12 мамырда қайтыс болған. Қыздың ата-анасының ажырасқанына 5 жыл болған. 

Пылаевтың айтуынша, 9 мамырда қызы анасымен бірге болған. 12 мамырда оның ауруханада жатқаны туралы естіпті. 

«Оны №12 қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізген. … Оның омыртқасы сыныпты. Өліміне осы жағдай себеп болған. Дәрігерлердің сөзінше, оны өлі күйінде алып келген. Мейірбикеден ол өлі болса, неліктен жансақтау бөліміне жатқызып, дәрі тамызғыш қойғанын сұрадым. Ол «сұрағаннан кейін солай жасағанын» айтты. Алайда бала өлі болған. Дәрігерлер, Лизаны алып келгенде биологиялық өлім күйінде болғанын айтты. Денесіндегі жаралар қансырамаған. Десе де Лизаның өне-бойы таза болыпты, ешқандай кір, қан болмаған. Киімінде шөптің ізі жоқ. Жуып қойғандай», — дейді Пылаев. 

Ер адамның айтуынша, қызының көлік астына түскені туралы нұсқаны естіген. Алайда әлдекім Лизаның неден қайтыс болғанын жасырғысы келіп отырғаны сияқты, сондықтан қайғылы жағдай болғанын көрсеткісі келеді, дейді ол. 

«Екі нұсқа бар. Біріншісі, Лизаны жуындырып, қанның ізін тазалап, оны жарақаттаған заттың ізін жасырмақ болған. Екіншісі, ол қайтыс болғаннан кейін, адамдарды шатастыру үшін, денесін әдейі жарақаттаған. Мен шындықты білгім келеді және кінәлілердің жазаланғанын қалаймын. Ол – менің жалғыз балам еді. Ол белсенді, жарық жұлдыз сияқты болды. Мен мақтан тұтатын бала еді», — дейді қайтыс болған қыздың әкесі.

Оның айтуынша, ауруханада қызымен бірге бұрынғы әйелі мен қайынатасы болған. 

Ал Алматы қалалық полиция департаментіндегілер бүгінгі таңда «Кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта аталған факт тергеу басқармасымен тергеліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдарының тізімдемесіне ҚР ҚК 99-бабына (Кісі өлтіру) сәйкес тіркелді. Іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның нәтижесінде қыздың өлімінің нақты себебі анықталады. Содан кейін процессуалдық шешім қабылданады», — дейді полиция департаментіндегілер. 

stan.kz