Олигарх Әбілғазин Грекиядағы өртке кінәлілердің бірі болуы мүмкін
Грекияда өртке апарып соққан отшашуды атқандардың арасында Данияр Әбілғазин болуы ықтимал, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Арнаның мәліметінше, отшашу ұшырылған яхтаны Әбілғазин жалға алған. Бұл ақпарат әлі ресми расталған жоқ – Грекияның ішкі істер министрлігі және Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ақпаратқа түсініктеме бермеді.
Данияр Әбілғазин Forbes тізімінде 380 миллион доллар байлығымен 21-ші орында тұр.
Олигарх Данияр Әбілғазиннің отбасы «Sinooil» ЖШС (Sinooil ЖМҚС желісі), «PetroRetail» ЖШС (QAZAQOIL ЖМҚС желісі) және «Petroleum» ЖШС, «Dostyk Gas Terminal» ЖШС, «Standart Petroleum» ЖШС қатысатын «Mercury Service Company” ЖШС үлестеріне ие.
Сондай-ақ Аdd Invest Properties компаниясы арқылы Құлыбаевтармен бірге Keruen city Astana СОО, Keruen СОО, Talan Towers СОО және Астанадағы «Тұран 18» БО, Атырау Baizaar mall СОО және Keruen City Aktobe СОО басқарады. Әбілғазиндер «Аяла» қайырымдылық қорының құрылтайшылары саналады.
Қазақстандық бірнеше турист жеке қайықтан отшашу атып, орманда өрт шығарғаны бұған дейін жазылған еді. Не істеп қойғанын түсінген кезде өртті сөндіруге тырысқан. Әрекеттері сәтсіз екеніне көзі жеткен соң өрт сөндіру бригадасын шақырып, өздері кетіп қалған.
Еrtnews.gr порталы отшашу шашқан туристертен катер тәркіленгенін жазады.
– 2024 жылдың 22 маусымында өрт сөндіру бөлімінің (D. P. E.) қызметкерлері орман алқабында – Бисти ауданы Идра аралында өрттің шығуына жауапты он үш тұрғын тұтқындады, — деп өрт сөндіру бөлімінің хабарламасын келтіреді БАҚ.
Қамауға алынғандар дүйсенбі күні прокурорға жеткізіледі.
Грекияның Kathimerini басылымы отшашу атылған қымбат яхтаны Қазақстаннан келген демалушылар тобы жалға алғанын жазады.
Ulysmedia.kz тілшісі осы оқиғаның мән-жайын Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен сұраған. Жауап келгенде бірден жарияланады.