«Олардың далада қалу қаупі жоғары»: Депутат жастарды тұрғын үймен қамту мәселесін көтерді

0

Бүгінгі мәжіліс отырысында депутат Дәулет Мұқаев премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Жастар – қоғамның қозғаушы күші, еліміздің ертеңі. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекет міндеттерінің басым бағыттарының бірі. Сол жастар елдегі оқиғалардың бел ортасында жүр. Елімізде болып жатқан  төтенше жағдайларда да төбе көрсететін жастар, қолдаушылар да жастар. Ал бізде үкімет тарапынан жастарға тиісті деңгейде көңіл бөлініп жатыр ма? Ең басты қажеттілік баспана мәселесі де шешімін таппай отыр»,- деді Дәулет Мұқаев.

Депутаттың айтуынша, әлі күнге дейін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі дұрыс жолға қойылмай келеді.

«Жыры басылмаған жастарға берілген жалдамалы пәтер жайында Роман Васильевичке де депутаттық сауал жолдағанмын. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі үкіметтің бақылауында деп қысқа қайырған. Жастардың талап-тілегін нақты шешімдер мен әрекеттер жасайды деген ниетпен қайта жолдап отырмын»,-деді депутат.

2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 000-ға жуықтаған. Сол кезде баспана алған жастардың пәтерлерін босатуына аз уақыт қалды. Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары.

«Тағы бір қосарым  —  өткен жылы берілу керек пәтерлер Алматы қаласының жастарына әлі де берілген жоқ.  Нақты тізім, нәтиже шықпады. Жалдамалы пәтер алған жастардың қаржы жинап, өз баспаналарын ала алмаудың да өзіндік себептері де бар. 2019 жылдан бері инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан жылға өсті. Осыдан 5 жыл бұрын Республика бойынша пәтердің орташа шаршы метрі 200 мың болса, қазір 400 мыңға жуықтады. Яғни, 2 есе өсті. Шындыққа тура қарасақ, баспанаға қаржы жинаудан, қымбатшылық қыспаққа алып күнкөріс мәселесі алдыңғы орынға шықты»,-деген депутат  елде жастарға арналған тиімді мемлекеттік бағдарлама жоқтығын еске салды.

Айтуынша, бағдарламаның жоқтығынан жастар баспана алу үшін шетел асып жұмыс істеуге мәжбүр. Келмей қалып қойып жатқаны қаншама. Бұл елімізде дарынды, талантты жастардың азаюына алып келуде.

Сонымен қатар, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақшасын жинап, түйіп отырғандар басқа бағдарламаға қатыса алмаса қалай баспаналы болмақ.

«Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек»  деп президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, еңбек адамының негізгі бастауы да осы жұмысшы жастар емес пе? Жұмысшы жастарға қолдау көрсетсек, осындай азаматтар ертең еліміздің дамуына зор үлес қосары сөзсіз. Жоғарыды аталған факторларды ескере отырып, жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды сұраймын»,-деп қорытындылады Дәулет Мұқаев.

Ол сонымен қатар баспананың пайыздық мөлшерлемесі 5%-дан аспауы тиіс екенін айтты. Немесе жалдамалы пәтерде тұру мерзімін ұзарту керек.