«Өкініштің өрті жүрегімді жалмап кететін». Тележүргізуші Дана Нұржігіт күйеуінің қазасы ұлына қалай әсер еткенін айтты
Тележурналист Дана Нұржігіт экс-күйеуінің қазасы баласына қалай әсер еткенін айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
«Әлім дүниеге келген күннен бастап бәрі кітаптағыдай болсын деумен әлек едім. Ондай болмай жатса, өзімді бір түрлі кінәлі сезініп, әсіресе,бала қызуы көтеріліп ауырып жатқанда дәрігер мен күтушісіне тапсырып, бәрін аттап түсірілмге ұшып кететінім есіме түссе,жанымды жегідей жейтін өкініштің өрті жүрегімді жалмап кететін. Қазір ойласам, осылайша алаңдағаным түптің түбінде баланың көңіліне кесірін тигізеді екен. Иә, ол сағынады. Иә, алаңдайды. Бірақ,бала мұндай сезімнің қандай болатынын, анасын қаншалықты жақсы көретінін, жалғызсырау, сағыну дегеннің не екенін де білу керек деп ойлаймын. Ал, қайта көріскенде мауқын басып, елжіреп, ата-ананың ыстық құшағын, ананың аялы алақанын, әкенің арқасынан қағып, маңдайын иіскегенінің құны мың есе артады. Сағыныштан кейін көрісу бала мен ата-ананы одан сайын жақындата түседі. «Әлімнің басына түскен соңғы жағдайда, баланың көңілі қалай болар екен деп алаңдадым. Қатты уайымдадым. Кейін қарасам, Әлім бұған дейін есіне түскенде ғана қолына алатын қойын дәптерін соңғы кездері жиі ашатын болған. Соны көріп, көңілім жайланды. Демек, іштегі сезім, ой жанына беріш боп қатпай, сөз болып, қағаз бетіне түсетін болып тұр ғой! Жан сырын, шерін тарқататын «дос» тапқанына қуандым. Баланың өз ойы, әлемі, өз құпиясы бар деген сөз. Ол әлемге рұқсатсыз кіруге ешкімнің һақы жоқ! Жасөспірім шақта өзіне өзі есеп беріп, өзімен өзі күбірлесіп, жан дүниесімен сырласа білу өте маңызды! Рефлексия- саналы адамның әрекеті», — деп жазды ол.