«Алдарында қазы, астарында қалың матрас»: Талғарда қаза тапқан баланың жақындары күдіктілермен кездескендерін айтты (ВИДЕО)
Талғардағы төбелесте 16 жастағы Шерзат қаза тапқан еді. Кейін оның әкесі істің дұрыс жүрмей жатқанына шағымданып, әділдік іздеп, Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жасаған болатын, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат порталы Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
Істі ішкі істер министрі бақылауға алдым дегенімен, марқұм жасөспірімнің тустары әлі де әділдікті іздейді. Төбелеске қатысқан 7 адам ғана қамалған. Марқұмның анасы Гүльбара Бишмбиева оқиғаның мән-жайын айта келе, баласын 7 емес, 13 адам ұрып-соғып, өлтіргенін мәлім етті.
«Пышақталғаннан кейін де құлап жатқанын жерінен келіп үстінен тепкілеп жатыр. 13 адамның бәрі ұсталып, тиісті жазаларын алса екен деймін. Менің баламды өлтірген адам 20-25 жылға сотталсын. Әділдік сұраймын», — дейді Гүльбара Бишмбиева.
Полиция ұстаған 7 күдіктіні көру үшін уақытша қамау изоляторына туыстары кірген. Олар күдіктілердің жағдайы бостандықта жүрген адамдардан жақсы деп отыр.
«Қылмыскерлердің ұсталғанына көз жеткізу үшін тергеу изоляторына кірдік. Жетеуін жеті камераға отырғызып қойған. Жетеуі жеті жерде. Бірақ олардан «адам өлтірдік, баланың өмірін қыршын қидық» деп отырған өкінішті көрген жоқпыз. Алдында жеп отырғандары – қазы. Астында қалың матрац. Мен өзім еркіндікте жүріп қазыны бір айда бір жеймін. Алдарында қазы, басқа да тамақтар тұр. Анық, ұзақ қарай алмадым. Олар неге 7 адамды ғана ұстап отыр? Бұл жерде 2 қызды қосқанда 13 адам бар. Біз соңына дейін барамыз. Олардың қазы жемек түгілі қара су ішуге құқықтары жоқ», — дейді Шертзаттың әпкесі Бақыт Реймова.
Ал осыған дейін Шерзаттың әкесі оқиға болған күнгі видеоларды полиция өшіріп тастағанын айқан еді.
Кейін Алматы облысының полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарып, видеодан дәлел ретінде скриншот ұсынған. Онда жігіттердің арасында екі қыз да барын көруге болады.